Атырау қаласында жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын “Atyrau Open 2026” халықаралық шахмат турнирі басталды. Жарыста 23 елден келген 200-ден астам шахматшы бақ сынасады. Халықаралық турнирді Атырау облысының әкімдігі, Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды.
Шахмат бәсекесінің салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысты. Ол қатысушыларды құттықтап, халықаралық жарыстар елдердің бір-бірімен байланысын бекем ететінін атап өтті.
— Бұл — біздің өңір үшін үлкен мәртебе әрі спорттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды оқиға. Мұндай жарыстар спортшыларды кәсіби жағынан шыңдап қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Турнирдің жоғары деңгейде өтіп, шахмат жанкүйерлеріне тартысты партиялар сыйлайтынына сенімдімін. Қатысушыларға сәттілік, әдемі комбинациялар мен жарқын жеңістер тілеймін! — деді Болат Ақшолақов.
Шахмат тақтасында Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Қытай, Иран, Вьетнам, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Швеция, Түркия және басқа да елден келген сайыскерлер кездеседі. Турнир Masters және Open санаттары бойынша өтеді.
Masters санатында FIDE рейтингі 2600-ден жоғары шахматшылар бақ сынайды, бұл санаттың жүлде қоры —90 мың доллар. Open санаты бойынша бәсекелер рейтингі 2600-ге дейінгі қатысушылар арасында болады, жүлде қоры — 10 мың АҚШ доллары.
Ойындар 12–20 қазан аралығында өтеді.
Партиялар FIDE халықаралық рейтингі ескеріле отырып, швейцариялық жүйемен тоғыз тур бойынша өтеді. Әр партияға 90 минут беріледі, әр жүріске 30
секунд қосылады. Айта кетейік, бұл — классикалық шахматтан Қазақстан Кубогы сериясының үшінші кезеңі. Алғашқы кезең — “Aktobe Open 2026” турнирі маусымда, екіншісі —“Oskemen Open 2026” — шілдеде өтті. Атыраудағы жарыс қорытындысы бойынша ең үздік шахматшылар мен Қазақстан Кубогы финалына қатысушылар анықталады.
Фестиваль бағдарламасында негізгі партиялардан бөлек, 10 жасқа дейінгі балалар арасындағы блиц-турнир, жаттықтырушылар мен шахмат мұғалімдеріне арналған семинар, Ғ. А. Айдаралиев атындағы шахмат кабинетінің ашылуы, гроссмейстерлердің қатысуымен бір уақытта өтетін ойын сеансы бар.








