АСЫЛ ҚАЗЫНАМ – ҚАРТТАРЫМ

    1 / 3

    1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Абай ауылдық клубында «Асыл қазынам – қарттарым» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
    Мерекелік шараның басталуы ерекше әсерлі болды. Алдымен, экраннан ауылымыздың тоқсанға таяған қазыналы қарттарының ақ батасы бейнеленген бейнеролик көрсетіліп, көрермендерге үлкен тағылым сыйлады. Қариялардың жүрекжарды батасы мен ақ тілегі – кейінгі ұрпаққа өнеге, елге аманат.
    Шараның шымылдығы ән үйірмесіне қатысатын өнерлі балалардың орындауындағы «Ата-әже» әнімен ашылып, мерекелік кеш одан әрі ән мен жырға ұласты. Мерекелік концерт барысында “Өнеге “ әжелер әсем халық әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, қарттарға арналған әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалып, көркемсөздер оқылып, мың бұралған билер ұсынылды. Ауылымыздың өнерлі жастары мен балалары өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін келтірді.
    Шара барысында ауыл әкімі Р. Бердімұрат сөз сөйлеп, ауылдың ардақты қарттарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
    Сондай-ақ ауыл ақсақалы Өмірбек Бердібай мен ауыл ақсақалдарының төрағасы Әбутәліп Бердіқұлов ақ баталарын беріп, ақжарма тілектерін арнап, барша ауыл қарттарына жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
    Кеш соңында Абай ауылдық клубының ұжымы асыл қарттарға арнайы дастархан жайып, құрмет көрсетті. Ақ дастархан басында қазыналы қарттардың ақ батасын алып, ізгі тілектеріне бөленді.Бұл – үлкенге деген құрмет пен халқымыздың «Батамен ел көгерер» деген тағылымды дәстүрінің көрінісі болды.
    Қарттар – елдің өткені мен бүгінін жалғаған алтын көпір, ұрпаққа бағыт-бағдар берер асыл қазына.Қариялардың өнегелі өмірі, ақыл-кеңесі мен батасы – кейінгі буын үшін баға жетпес рухани мұра.
    Ардақты ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, шаңырақтарына береке тілейміз! Ұрпақтарының қызығын көріп, ауылымыздың ақылшысы болып, ақ баталарыңызды беріп, төріміздің сәні болып жүре беріңіздер!
    Қарттар күні құтты болсын!
    Ақ баталы қарттарымыз аман болсын!

    #АсылҚазынамҚарттарым #ҚарттарКүні #АбайАуылы #АбайАуылдықКлубы #АқБата #ҚазыналыҚарттар

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысы Қазалы ауданы Сарыкөл ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары