Қарағанды облысының колледждерінде еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Биыл Теміртау жоғары политехникалық колледжі гидротехникалық құрылыс мамандарын даярлауға кірісіп, алғашқы топқа 30 студент қабылдады.
– Білім беру бағдарламасы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен және жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленді. Теміртаудың таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда Қаныш Сәтбаев атындағы канал, Самарқанд су қоймасы және ирригациялық жүйелер сияқты су шаруашылығы инфрақұрылымының маңызды нысандары орналасқан. Алғашқы түлектер 2028–2029 оқу жылында бітіріп шығады деп күтілуде, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Оның айтуынша, өңірде кадр даярлау жүйесі кәсіпорындардың сұранысына қарай біртіндеп жаңартылып келеді. Қазір цифрлық дағдыларды меңгерген және жаңа технологияларды игерген мамандарға қажеттілік артып отыр.
Осыған байланысты колледждерде болашағы зор бағыттар бойынша маман даярлау кеңейтілуде. Олардың қатарында робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, аддитивті технологиялар және деректерді талдау бар. Дрон операторларын негізгі білім беру бағдарламалары бойынша да, қысқа мерзімді курстар аясында да оқыту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар колледждер педагог-ассистенттер мен аддитивті өндіріс технологиялары бойынша мамандар даярлауға лицензия алды.









