Талдықорған қаласындағы Д. Таранов атындағы № 20 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар ересектерге арналған Ашық есік күні өтті.
Қонақтар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысымен танысып, арнайы техника мен жабдықтарды көрді. Сондай-ақ жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керектігін, алғашқы көмек көрсету жолдарын және «112» қызметіне дұрыс хабарласу тәртібін білді.
Кездесудің ең қызықты сәттерінің бірі кинологтар мен адамдарды іздеуге көмектесетін олардың төрт аяқты серіктерімен танысу болды. Қатысушылар төтенше жағдайларда көмекке келуге әрдайым дайын, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген басқа да мамандармен жүздесті.
Құтқарушылар мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, төтенше жағдай кезінде ақпараттың қолжетімді болуы, қауіпсіз эвакуация және қажетті қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтіп, қонақтарға жаңа білім мен жарқын әсер сыйлады.
«Қауіпсіздікке кедергісіз қадам» — қауіпсіздік әр адамға бірдей қолжетімді болуы тиіс екенін және адам өмірі мен денсаулығына қамқорлық жасаудың шекарасы жоқ екенін еске салатын ұстаным.







