Шығыс Қазақстанда табиғи қауіптерді бақылауға арналған жаңа пункт ашылды

    1 / 7

    Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Катон-Қарағай» жаңа модульдік диспетчерлік пунктін ашты. Нысан табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды бақылау және олардың алдын алу жүйесін дамыту аясында бюджеттен тыс қаражат есебінен жабдықталды.

    Бақылау учаскелерінде алғаш рет су деңгейін өлшеуге және сел қаупін уақтылы анықтауға арналған арнайы датчиктер орнатылды. Олар гидрологиялық жағдайдың өзгерістерін қадағалап, ықтимал қауіптер туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Бөлімше мамандары Бұқтырма және Сарымсақты өзендерінің бассейндеріндегі 98 мұздақ көлді қоса алғанда, сел, қар көшкіні және жер көшкіні қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізеді.

    Жаңа модульдік ғимаратта мамандардың жұмыс істеуіне және тынығуына қажетті жағдай жасалған. Пункт жұмыс орындарымен, жылыту жүйесімен, электр қуатымен, интернетпен және радиобайланыспен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ қызметкерлердің бақылау учаскелеріне шығуы үшін автотұрақ пен көлік қарастырылған. Бұған дейін бөлімше жалға алынған ғимаратта орналасқан.

    Жаңа диспетчерлік пункттің ашылуы және заманауи мониторинг құралдарының енгізілуі табиғи қауіптерді жедел анықтауға, ақпаратты уақтылы жеткізуге және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Шығыс Қазақстанның халқы мен аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

    Дереккөз: ШҚО ТЖД

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары