ЖЫРМЕН ЖАРҚЫРАҒАН ТҮН: ЖЕТІСАЙДА АҚЫН МҰХТАР ҚҰРАЛОВҚА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    1 / 19
    ЖЫРМЕН ЖАРҚЫРАҒАН ТҮН: ЖЕТІСАЙДА АҚЫН МҰХТАР ҚҰРАЛОВҚА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
    Жетісай төрінде жыр мен ән тоғысып, поэзияға құрмет көрсетілген тағылымды кеш өтті. «Түнгі кітапхана» жобасы аясында ұйымдастырылған «Өлеңге сыйған әлем» атты шығармашылық кездесу республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын-сазгер, Жетісай ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Құраловтың шығармашылығын насихаттауға арналды.
    Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен және Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен шара Жетісай аудандық орталық саябағында өтті. Кештің ерекше атмосферасы жыр мен әнге, сырлы сұхбат пен тағылымды әңгімеге ұласты. Көрермен назарына ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылды.
    Әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағы мен Түрксой Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Сердаш» сыйлығының иегері, Халықаралық «Ер Төстік» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Сайлаухан Жоланов жүргізсе, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, «Әділет» партиясының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров ардагер-ақын, батагөй Оразқожа Бекахметов, ақын Айжамал Қоңырбаева, аудан ақындары мен өнер жанашырлары қадірлі қонақ ретінде қатысты. Қонақтарды әжелер тобы әсем әнмен қарсы алып, кештің көркін аша түсті.
    Кездесу барысында қонақтар ақынның шығармашылық жолына тоқталып, оның әдебиет пен өнерге қосқан үлесін атап өтті. Аудан зиялылары естеліктерімен бөлісіп, Мұхтар Құраловқа ізгі тілектерін жеткізді.
    Тағылымды кеште облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова Мұхтар Құраловтың иығына арнайы шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Жетісай аудандық орталық кітапханасының ұжымына сыйлық табыстады.
    Әдеби жүздесуде кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның сырлы жырларын көпшілікке таныстырды. Ал, мәдениет үйінің өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
    Кештің ең әсерлі тұстарының бірі – Мұхтар Құраловпен өткен шығармашылық сұхбат болды. Ақын өзінің әдебиетке келу жолын, шығармашылық ізденістері мен өлеңдерінің жазылу тарихы туралы әңгімелеп, жүрекжарды жырларын оқып берді. Көрермендер қаламгердің шығармашылық әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
    Жергілікті ақынның мұрасын насихаттау, ұлттық поэзияға қызығушылықты арттыру, жас ұрпақты көркем әдебиетке баулу және туған өлкенің талантты тұлғаларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Өлеңге сыйған әлем» атты шығармашылық кеш «Түнгі кітапхана» жобасының мазмұнын байытып, ақын мен оқырманды, кітап пен өнерді тоғыстырған тағылымды басқосуға айналды. Жетісайда өткен жырлы кеш туған өлке талантын ұлықтап, әдебиетке деген құрметті тағы бір мәрте айшықтады.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары