
МӘЖІЛІСТЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНЫП, НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде бірқатар маңызды мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі ретінде қаралған 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары, анықталған кемшіліктер мен алдағы міндеттер туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов баяндама жасады.
Аудан басшысы жылыту маусымына дайындықты уақытылы аяқтап, тұрғындардың қыс мезгілінде жылу мен коммуналдық қызметтерді тұрақты алуын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде шешуді міндеттеді.
Одан бөлек, мәжілісте коммуналдық меншіктегі каналдарды республикалық меншікке өткізу, канал тармақтары мен арық-атыздардың, қашыртқылардың тазалығы мен техникалық жағдайы туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сұңғат Амангельдиев мәлімет берді.
«Аудан үшін су шаруашылығы нысандарының қалыпты жұмыс істеуі – ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығы мен егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің маңызды кепілі болғандықтан аталмыш бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауды қажет» деген Серік Үсенұлы алдағы мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру бағытындағы дайындық жұмыстары туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Ташеваның баяндамасын тыңдады.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары өздерінің жауапты салалары бойынша бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ұсынылатын жобалар, өндірістік парктер құру, күзгі жиын-терім жұмыстары, «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы, бюджеттік кірістердің орындалуы мен шығыстардың игерілуі, сондай-ақ, күзгі әскерге шақыру науқанының барысы талқыланды.
Жиын соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов қаралған мәселелер бойынша анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, жұмыстардың сапасын арттыру және әрбір бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігін қатаң тапсырды.
Берілген тапсырмалардың орындалуын жүйелі бақылауда ұстауды аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязовқа жүктеді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі








