Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады

    1 / 3

    Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Алдымен шаһар басшысы «Ұлы дала» шағын ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға сатып алу жоспарланған пәтерлерді көрді. Қазіргі таңда осы аумақта 112 пәтер сатып алу көзделген.

    Қала әкімі пәтерлердің құрылыс сапасын тексеріп, тұрғын үйлердің талапқа сай болуына мән берді. Шаһар басшысының айтуынша, бұл пәтерлердің сапасы нарықтағы өзге тұрғын үйлерден кем болмауға тиіс. Бұл ретте баспана ішіндегі құрылыс жұмыстары ғана емес, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру да маңызды. Сондықтан жаңа тұрғын үйлердің ауласы толықтай абаттандырылып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

    Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту – қаладағы өзекті бағыттардың бірі. Соңғы екі жылда Таразда тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 1 128 пәтер сатып алынған. Ал биыл осы санаттағы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тағы 180 пәтер сатып алуға тиісті қаражат бөлінді.

    Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы «Ұлы дала» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарының барысын көрді. Аула кеңістігін ретке келтіру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және аумақтың көркін жақсарту – шағын ауданның инфрақұрылымын дамытудағы маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай қала әкімі мердігер ұйымдарға жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап қана қоймай, құрылыс сапасына да баса назар аударуды тапсырды.

    Аралаудың келесі бағыты осы шағын аудандағы жол жөндеу жұмыстары болды. Қала әкімі жөндеу жүргізіліп жатқан көшелерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.

    Жалпы, соңғы жылдары Тараз қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс қолға алынған. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдары шаһарда жалпы ұзындығы 325,2 шақырымды құрайтын 514 көшеге асфальт төселіп, 320 көшеде қиыршық тас жол салынды. Сондай-ақ көптен бері өзекті болып келген «Бурыл А, Б, В» алқабындағы 75 көшеге, «Барысхан» тұрғын алқабындағы 24 көшеге асфальт жабындысы төселді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 4 жылда қаладағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 56,2 пайыздан 71,5 пайызға дейін өсті.

    Ал ағымдағы 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, шаһарда жалпы ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ұзындығы 14,8 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген. Оның ішінде «Ұлы дала» шағын ауданындағы 22 көшені жөндеу жоспарланған. Жобаның келесі жылға өтпелі болуына байланысты жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады. Қала әкімі жауапты мамандар мен мердігерлерге жол жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген мерзімде аяқтауды жүктеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Тараз қаласының әкімдігі" жаңалықтары