Қала әкімі Түрксіб тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті

    1 / 3

    Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Түрксіб алабының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.

    Бүгінде Түрксіб алабында 4 275 адам тұрады. 2025 жылы мұнда орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген. Қазіргі таңда алап бойынша жалпы саны 981 абонент тіркелген. Алайда олардың 56 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған. Осыған байланысты қазіргі уақытта қалған абоненттерді орталық су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Жиын барысында Жеңіс көшесіндегі ауыз су құбырларының айналма желісін жүргізу (закольцовка) мәселесі кеңінен көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, көшенің тұйық орналасуына байланысты жаңадан тартылған су құбырлары да тұйық желі ретінде қалып, жалпы айналма су құбыры жүйесіне қосылмаған. Соның салдарынан құбыр ішіндегі су ұзақ уақыт бойы жаңармай тұрып қалатын көрінеді. Тұрғындар бұл жағдай ауыз судың сапасына алаңдаушылық туғызып отырғанын айтып, санитарлық талаптарға сай су тұтыну мәселесін шешуді сұрады.

    Шаһар басшысы өз кезегінде су құбырларындағы қалыпты айналымды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Яғни, көше тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне толық қосылған жағдайда желідегі су айналымы да реттеледі. Сонымен қатар Бақытжан Әмірбекұлы жүргізілген зертханалық сараптама қорытындыларына сәйкес, ауыз судың сапасы белгіленген талаптарға сай екенін атап өтті.

    Сонымен қатар Жеңіс көшесінің тұрғындары көше кеңістігінің тарлығына байланысты туындаған қолайсыздықтарды да ортаға салды. Атап айтқанда, көшенің ені жүк көліктері мен арнайы техникалардың еркін қозғалысына кедергі келтіреді. Бұл әсіресе қызметтік және коммуналдық көліктердің қатынауы кезінде қиындық туғызады.

    Сондай-ақ тұрғындар көшенің соңындағы заңдастырылған жер учаскесі арқылы балалардың мектепке және қоғамдық көлік аялдамасына қатынайтын төте жолы бар екенін жеткізді. Алайда жауын-шашынды көктем мен қыс мезгілінде бұл жол лай-батпаққа айналып, жаяу жүргіншілердің қозғалысын қиындатады. Әсіресе күнделікті мектепке қатынайтын балалар үшін аталған бағыт қолайсыздық тудыруда.

    Осыған орай тұрғындар аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу немесе оның орнына балама жер телімін қарастыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету үшін жолдың шамамен 30-40 метр бөлігін асфальттауды өтінді.

    Бұл мәселе бойынша жақын күндері нақты шешім қабылданып, тұрғындар сұранысын қанағаттандыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіледі.

    Жиынды қорытындылаған қала әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, олардың шешілуі бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Тараз қаласының әкімдігі" жаңалықтары