Заңды тұлға-резидентті камералдық бақылау тәртібімен тарату талап қою мерзімі ішінде бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады:
1.қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын және қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күннен бастап Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 2-бабының ережелерінде көзделген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтын;
2.қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын;
3.салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;
4.Салық кодексінің 104-бабының 1-тармағына сәйкес қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын.
Осы тармақ заңды тұлға құрылған күннен бастап талап қою мерзімінен аз уақыт өткен заңды тұлғаларға да қолданылады.
Таратылатын заңды тұлға-резидент тарату туралы шешім қабылданған жағдайда бір мезгілде орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына:
1.қызметін тоқтатуға байланысты салықтық өтінішті;
2.аралық тарату балансын;
3.тарату салық есептілігін (ағымдағы тоқсан, жыл үшін);
4.Салық кодексінің 111-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен бақылау-касса машинасын есептен шығаруға арналған салықтық өтінішті ұсынады (бақылау-касса машинасы мемлекеттік кірістер органында есепке қойылған жағдайда таратылатын тұлға бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады).
Мемлекеттік кірістер органы қызметін тоқтатуға байланысты салықтық өтінішті алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде уәкілетті органдарға, екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға сұрау салулар жібереді.
Сұрау салулар бойынша мәліметтерді уәкілетті органдар 10 жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға тиіс.
Мемлекеттік кірістер органы уәкілетті органдардан барлық мәліметтерді алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асырады және оны қол қойғаннан кейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей қорытындыны 2 данада береді.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша алшақтықтар анықталған жағдайда заңды тұлға-резидентке қорытынды алынған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама беріледі.
Хабарламаны орындамаған немесе салық төлеуші ұсынған түсініктермен мемлекеттік кірістер органы келіспеген жағдайда, сондай-ақ салық төлеуші азайту жағына түзету жүргізген кезде салықтық тексеру жүргізіледі. Бұл ретте салықтық тексеру хабарламаны орындау мерзімі өткеннен кейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады.
Салық берешегін және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу қорытынды жасалған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Таратылатын заңды тұлға-резидент берешегі болмаған жағдайда камералдық бақылау қорытындысын алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына тарату балансын ұсынады.
Негіз:Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 31 қазандағы № 654 бұйрығы «Салық төлеушілер (салық агенттері) таратылған, қайта ұйымдастырылған және қызметін тоқтатқан кезде салық міндеттемесін орындаудың кейбір мәселелері туралы».









