Қарағанды облысында 40 мыңнан астам адам футболмен айналысады. Өңірде бұл спорт түрін бұқаралық сипатқа айналдыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр, соңғы бір жылда қандай нәтижелерге қол жеткізілді және алдағы уақытта қандай міндеттерді жүзеге асыру көзделген - бұл мәселелер Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (QOFA) 25 жылдығына арналған конференцияда талқыланды.

Өткен жылдың басты жетістігі – өңірде футболды дамытудың бірыңғай жүйесінің қалыптасуы. Тимур Турлов қауымдастық тізгінін ұстағалы бері Freedom қолдауымен QOFA мектептегі және балалар-жасөспірімдер футболын, мамандар даярлауды, спорт инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ әуесқой және кәсіпқой футболды өзара сабақтастыра отырып дамытып келеді. Осы уақыт ішінде Freedom өңірдегі футбол жобаларына шамамен 2 млрд теңге бағыттады.

Тимур Турлов Қарағанды облысының тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі бола алатынын атап өтті. Оның пікірінше, футболды тұрақты дамыту үшін әр бағыт бірін-бірі толықтырып, адамға өмірінің кез келген кезеңінде осы спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін тұтас жүйе қажет.
— Біз Қарағанды облысында мектепке дейінгі жастан бастап мектеп оқушыларына, әуесқойлар мен кәсіпқойларға дейінгі барлық деңгейді қамтитын футболды дамытудың біртұтас жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыс инклюзивті жобаларды жүзеге асыруды, білікті мамандар даярлауды және спорт инфрақұрылымын дамытуды да қамтиды. Ең бастысы – осы бағыттардың барлығы өзара үйлесім тауып, футбол әр адамға өмір бойы қолжетімді болуы керек, – деді Тимур Турлов.

Сонымен қатар ол футбол ұйымдары, бизнес өкілдері мен өңірлік билік арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Инклюзивті футболды дамытуға да айрықша мән беріліп отыр. 2026 жылы Қазақстан құрамасы балалардың церебралды сал ауруына (БЦС) шалдыққан футболшылар арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында «НОДА» командасының қарағандылық ойыншылары Анатолий Федоровский мен Виталий Крадин де өнер көрсетті.

QOFA Freedom қолдауымен спортшыларға жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Атап айтқанда, команда қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жаттығу үдерісін ұйымдастыруға және жарыстарға қатысуына қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, қауымдастық Теміртауда инклюзивті футболды дамытуға да үлес қосып келеді.
Конференция барысында футболдың дамуына жергілікті деңгейде үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі де ескерусіз қалмады. ALGA! мектеп жобасын жүзеге асыруға атсалысқаны үшін білім беру ұйымдарының басшылары мен оқушылардың жаттығуын ұйымдастырып, олардың жарыстарға қатысуына жағдай жасап жүрген педагогтерге алғыс білдірілді. Сондай-ақ өңірдегі футбол қозғалысын қолдап жүрген серіктестер мен сала мамандарына марапаттар табысталды.

2027 жылы Freedom QOFA аясында футболды дамытуға тағы да шамамен 1,8 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаражат спорт инфрақұрылымын дамытуға, балалар мен жасөспірімдер футболын қолдауға, білікті мамандар даярлауға және жарыстар жүйесін жетілдіруге жұмсалады.
Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының ақпараты бойынша









