Қарағандыда су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл «Қарағанды Су» компаниясы қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған 28 жобаны жүзеге асыруда.

Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 36,7 шақырым желі жаңартылады. Оның 26,5 шақырымы сумен жабдықтау жүйесіне, ал 10,2 шақырымы су бұру желілеріне тиесілі.

Қазір осындай жобалардың бірі Четская көшесінде жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында Бұқар жырау даңғылынан Гоголь көшесіне дейінгі аралықта, Гарибальди, Вавилов және Четская көшелеріндегі су құбырлары қайта жаңғыртылуда.

Жаңартылатын учаскенің жалпы ұзындығы – 4,2 шақырым. Қазіргі уақытта мамандар құбырдың 2,8 шақырымнан астамын ауыстырды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.

Жаңғырту нәтижесінде инженерлік желілердің тозуы азайып, апат қаупі төмендейді. Сондай-ақ қаланың инженерлік жүйелерінің жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік туады.
Қарағанды қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша









