Алматы облысында «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

    1 / 7

    Алматы облысында қысқы кезеңде төтенше жағдайларға жедел ден қою және азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын тексеру мақсатында «Қыс-2026» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.Оқу-жаттығудың негізгі практикалық кезеңі Жамбыл ауданының Самсы ауылы маңындағы республикалық маңызы бар автожолда өтті.

    Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, қатты боран соғып, көктайғақ салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі адам көлік ішінде қысылып қалып, автокөліктердің бірі өртенді. Апат пен қалың қар салдарынан жолда жүк көліктері мен жолаушылар автобусы тұрып қалып, үлкен көлік кептелісі пайда болды.Құтқарушылар көлік ішінде қысылып қалған адамдарды шығару, шартты өртті сөндіру және жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын пысықтады. Апаттар медицинасы орталығының мамандары мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерге, сондай-ақ тоңған және үсік шалу белгілері бар азаматтарға медициналық көмек көрсетті.

    Қар құрсауында қалған адамдарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүргізушілер ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, ал жолаушылар «Home Inn Park» жылыту пунктіне жеткізілді.Полиция қызметкерлері жол қозғалысын реттеді. Жол қызметтері автожолды қардан тазарту, көктайғаққа қарсы материалдар себу және тұрып қалған көліктерді сүйреп шығару жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар үздіксіз байланыс орнату, электр қуатымен қамтамасыз ету және оқиға орнын жарықтандыру бойынша іс-қимылдар пысықталды.

    Оқу-жаттығуға барлығы 160 адам мен 50 бірлік техника жұмылдырылды. Іс-шараға ТЖД бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, полиция, медицина, жол, коммуналдық, энергетика және байланыс қызметтері қатысты.

    Қыс мезгілі қарсаңында мұндай оқу-жаттығулардың маңызы зор. Бұл барлық қызметтің дайындығын алдын ала тексеруге, бірлесіп әрекет ету дағдыларын жетілдіруге және төтенше жағдай кезінде тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары