Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Спорттық туризм федерациясымен бірлесіп, Таңбалы-Тас аумағында волонтерлік ұйымдар мен туристік клубтардың қатысуымен семинар-тренинг өткізді.
Іс-шара қатысушылардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын арттыруға, практикалық дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ құтқарушылар, волонтерлер мен туристік қауымдастық өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталды.
Семинар барысында қатысушылар алғашқы көмек көрсету дағдыларын пысықтап, альпинизм жаттығуларын орындады. Сонымен қатар карта мен координаттарды пайдалана отырып, жергілікті жерде бағдарлау бойынша тапсырмалардан өтіп, судағы практикалық жаттығуларға қатысты.Іс-шарада қауіпсіздік ережелерін сақтау, күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдау және бірлесіп әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталмыш іс-шаралар волонтерлердің алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге, дайындық деңгейін арттыруға және төтенше жағдайлар кезінде тиімді әрекет ету үшін құтқару қызметтерімен өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді.








