Қарағанды облысының Шет ауданындағы Кеншоқы ауылында еліміздің әр өңірінен келген 70-тен астам құсбегі бас қосты. Мұнда халқымыздың ежелден келе жатқан саятшылық дәстүрін дәріптейтін «Салбұрын – 2026» ашық турнирі өтті. Қатысушылар бүркіт, қаршыға мен ителгі баптаудан өзара сынға түсті.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей атадан балаға мирас болған ұлттық өнерді ұлықтап, оны келер ұрпаққа аманаттау айрықша маңызды екенін атап өтті.
– Бабаларымыз бүркітті, тазыны, жылқыны халқымыздың жеті қазынасына балаған. Бұлар – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан осынау асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бәрімізге ортақ міндет. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін! Қырандарыңыз қиядан түлеп, қанжығаларыңыз майлансын! – деді Әлібек Әлденей.

Құсбегілік – қыранның тілін табуды, мінезін тануды, бабын келтіріп, аңшылыққа баулуды талап ететін машақаты мол өнер. Қолға түскен жыртқыш құсты үйретіп қана қою жеткіліксіз. Оның табиғи болмысын танып, күтімін жасап, аңға түсуге машықтандыру қажет. Мұның бәрі құстың жасына, табиғатта өткізген уақытына және бұрынғы тіршілік дағдысына байланысты.

Сайыс барысында қазылар алқасы қырандардың қалықтау мәнерін, ұшу шапшаңдығын, қимыл ептілігін, әуедегі шалымдылығы мен аңға түсу қабілетін саралады. Әрбір сын құсбегінің шеберлігімен қатар, баптаған құсымен арасындағы үйлесім мен өзара түсіністікті де айқын көрсетті.

Турнир қорытындысында бүркітшілер бәсекесінде Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы жеңімпаз атанды. Қаршыға салудан Алматы қаласының өкілі Ермұхан Баятбай үздік шықса, ителгімен сынға түскен Астана қаласының құсбегісі Ерлан Кенжетаев бірінші орынды иеленді.

Серікболсын Жалғасұлы үшін бұл жеңіс – бала күннен бойына сіңген саятшылық өнерге деген сүйіспеншілік пен жылдар бойғы еңбектің жемісі. Құсбегілікке баулыған – әкесі. Бүгінде ол қырандарын өзі өсіріп, өзі баптап, аңшылыққа үйретеді.
– Бұл өнерді маған әкем үйретті. Бала кезімнен қасынан қалмай, оның тәжірибесін бойыма сіңірдім. Он жасымнан бастап қаршыға мен ителгі ұстадым. Ал он бес жасымнан бері бүркіт баптап келемін. Жарысқа алып келген қыранымды да өзім өсіріп, өзім үйреттім. Бірге атқарған еңбегіміздің арқасында бұған дейін де бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болдық, – дейді жеңімпаз.

Ителгі баптаушы Ерлан Кенжетаевтың Бойко атты қанатты серігінің де өзіндік тарихы бар. Бұл құс ұлттық спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Биыл ол Көшпенділер ойындарында да жүлдегер атанған.
– Бұл – Бойко атты ителгім. Оны көптен бері баптап келемін. Мұндай есім беруімнің өзіндік себебі бар. Әйгілі фильмнің кейіпкеріндей қайсар, табанды болып, қандай қиындыққа да мойымай, діттегеніне жетсе екен деп тіледім. Алда әлі талай белесті бірге бағындырамыз деп сенемін, – дейді Ерлан Кенжетаев.

Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Салбұрын – 2026» турнирі құсбегілердің өзара шеберлік сынасуымен ғана шектелген жоқ. Ол халқымыздың байырғы саятшылық дәстүрін дәріптеп, ұлттық мәдениетімізді ұлықтаған тағылымды шараға айналды. Қонақтар үшін киіз үйлер тігіліп, этноауыл құрылды. Сонымен қатар көрме ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілікке таныстырды.

Жиналған жұрт қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









