Қарағанды облысының ауылдық аудандарында интернетке қолжетімділік артады

    Қарағанды облысында ауылдық жерлердегі интернетке қолжетімділікті кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірде талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, жаңа байланыс мұнаралары салынып, шалғай ауылдар спутниктік интернетке қосылуда. Жұмыстар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

    Жобаның іске асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте баяндалды.

    Қарағанды облысының ауылдық аудандарында интернетке қолжетімділік артады

    Негізгі бағыттардың бірі – 133 ауылдық елді мекенге дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымнан асады. Нәтижесінде шамамен 39 мың ауыл тұрғыны интернетке қол жеткізеді.

    Қарағанды облысының ауылдық аудандарында интернетке қолжетімділік артады

    Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, қазір жұмыс облыстың жеті ауданында қатар жүргізіліп жатыр.

    – Биыл 79 ауылды интернетке қосу жоспарланған. Ал тағы 54 елді мекендегі жұмысты келесі жылы аяқтауды көздеп отырмыз, – деді Константин Ильницкий.

    Жобаның тағы бір бағыты – антенна-діңгекті құрылыстар (АДҚ) салу. Жалпы, өңірде осындай 14 нысан орнату жоспарланған. Олар Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров аудандарында және Балқаш қаласында бой көтереді. Жаңа инфрақұрылым шамамен 15 мың тұрғынды байланыспен қамтамасыз етеді.

    Бұқар жырау ауданындағы Ақтөбе және Белагаш ауылдарында екі мұнараның құрылысы аяқталған. Тағы сегіз нысанда жұмыс басталды, ал төрт нысан кезекте тұр. Барлық құрылысты жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

    Қарағанды облысының ауылдық аудандарында интернетке қолжетімділік артады

    Алғашқы кезеңде байланыс қызметін Beeline операторы ұсынады. Келесі жылы инфрақұрылымға Tele2 және Kcell операторларын да қосу көзделіп отыр.

    Ауылдарға интернет «соңғы миля» технологиясы арқылы да жеткізіледі. Бұл – байланыс желісінің абонент тұратын елді мекенге немесе тікелей үйіне дейін тартылатын соңғы бөлігі. Осы бағдарлама аясында 43 ауылдық елді мекенді қамту жоспарланған. Қазір Қарқаралы және Нұра аудандарының тоғыз ауылында монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Қарағанды облысының ауылдық аудандарында интернетке қолжетімділік артады

    Ал кәдімгі байланыс желілерін тарту қиын шалғайдағы және халқы аз ауылдар үшін спутниктік интернет қарастырылған. Бүгінде KazSat-3 және OneWeb спутниктері арқылы 56 елді мекен интернетке қосылған. Бұдан бөлек, спутниктік байланыс 105 мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп тұр.

    Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жергілікті атқарушы органдарға инфрақұрылым құрылысын жеделдетіп, жобаны іске асыру мерзімін созбауды тапсырды.

    – Халықты сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету – әрбір әкімнің міндетіне қатысты мәселе. Аудандарда инфрақұрылымды белсенді дамыту, антенна-діңгекті құрылыстар салу және жер учаскелерін бөлу мәселелерін жедел шешу, инвесторлар тарту қажет. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының барлық іс-шарасы белгіленген мерзімде орындалып, тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

    Өңір басшысының тағы бір тапсырмасы автомобиль жолдарына қатысты. Жыл соңына дейін инвесторларды да тарта отырып, тасжолдар бойындағы антенна-діңгекті құрылыстардың құрылысын аяқтау қажет.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары