Қарағанды облысында кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін грант беріледі

    Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері өз ісін дамытуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім бере алады. Қаржылай қолдаудың көлемі 5 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл қаражат кәсіпке қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алуға жұмсалуы мүмкін.

    Өтінімдер 19-23 қазан аралығында қабылданады. Бұл туралы Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлады.

    Құжаттар тек электронды форматта қабылданады. Өтінім мен қажетті құжаттар топтамасын kezekte.kz цифрлық платформасы арқылы жіберуге болады.

    «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы жергілікті өнім өндірушілерді қолдап, өңірлік брендтердің қалыптасуына ықпал етеді. Биыл облыстық көрмеде 50-ден астам кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Олардың ішінен үздік 20 қатысушы іріктелді. Кейін бренд-комитет Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) сарапшыларымен бірлесіп, 10 финалисті анықтады.

    Олардың қатарында табиғи азық-түлік, киіз бұйымдары, авторлық кәдесыйлар, әшекейлер мен қолдан жасалған косметика өндірушілері бар. Сондай-ақ Қарағанды облысының өзіндік ерекшелігін танытатын өзге де өнімдер шығаратын кәсіпкерлер іріктеуден өтті. Жобалар өнім сапасы, даму әлеуеті және нарықта ілгерілету мүмкіндіктері бойынша бағаланды.

    Мемлекеттік грант беру талаптары мен конкурс құжаттары туралы толық ақпаратты Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан алуға болады.

    Байланыс телефоны: (8-7212) 50-38-73, ішкі нөмірі – 6324.

    Электрондық пошта: [email protected].

    Сонымен қатар кәсіпкерлер тұрғылықты жеріндегі кәсіпкерлік бөлімдеріне, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасына және оның қалалар мен аудандардағы филиалдарына жүгіне алады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары