Қарағандылық оқушы қыздар Үндістанда Гран-при жеңіп алды

    Қазақстандық команда Technovation Girls халықаралық байқауының жоғары жас санатындағы финалына алғаш рет жолдама алып, бірден бас жүлдеге қол жеткізді. Үндістанның Бенгалуру қаласында өткен байқауда Қарағанды қаласының «Дарын» мектебінің оқушылары шахталардағы қауіпсіздікті бақылауға арналған SAMRUQ.AI жүйесін таныстырып, Азия елдерінен қатысқан командалар арасында үздік шықты.

    Қарағандылық оқушы қыздар Үндістанда Гран-при жеңіп алды

    «Бұл – оқушыларымыздың STEM, IT және инженерлік технологиялар саласындағы әлеуетін айқын танытатын үлкен жетістік. Asian Sharks командасы АҚШ, Канада, Аргентина, Венгрия, Испания, Жапония және басқа да елдердің финалистерінен озып, қыздарға арналған ең беделді халықаралық технологиялық байқаулардың бірінде жеңіске жетті», – деп хабарлады Қарағанды облысының білім басқармасы.

    Asian Sharks командасы шахта ішіндегі жағдайды бақылап, кеншілерге төнетін қауіпті дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін жүйе әзірледі. Жоба аясында датчиктер, сымсыз байланыс, цифрлық платформа мен жасанды интеллект бір жүйеге біріктірілген.

    Қарағандылық оқушы қыздар Үндістанда Гран-при жеңіп алды

    SAMRUQ.AI шахтадағы микроклимат, түтін мен діріл туралы деректерді жинап, ықтимал қауіптерді бағалайды және тиісті ақпаратты диспетчерге жібереді. Бұдан бөлек, жүйе шахтаға түскен және жер бетіне шыққан жұмысшыларды автоматты түрде санайды. Бұл апат болған жағдайда жер астында қанша адамның қалғанын жедел анықтауға көмектеседі.

    Халықаралық финалға дайындық барысында команда жүйені 350-ден астам рет сынақтан өткізіп, датчиктерін калибрледі. Түпнұсқа Қарағандыдағы оқу шахталарында да екі мәрте тексерілген. Оқушы қыздар жобаның тақырыбын саналы түрде таңдаған: олар өнеркәсіптік өңір үшін өзекті мәселені заманауи технологиялардың көмегімен шешуді көздеді.

    Команда халықаралық жеңіске дейін де республикалық деңгейде танылған. Тамыз айында SAMRUQ.AI жобасы Астанада өткен Samsung Solve for Tomorrow байқауында үшінші орын алып, миллион теңге көлемінде сыйақыға ие болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары