Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазсушар» РМК Жетісу облыстық филиалының директоры Медет Керімжанов пен Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясы бөлімінің басшысы Алмас Ринар вегетация кезеңінің қорытындысын жариялады.
Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен егістікті суару үшін су беру жөнінде 8 092 келісімшарт жасалды. Нәтижесінде диқандарға нақты 895,8 млн текше метр су беріліп, 122,3 мың гектар жер суарылды. Сонымен қатар 29,2 мың гектар алқапта ылғал жинау мақсатында суару жұмыстары жүргізілді.
2026 жылдың басынан бері Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясы Жетісу облысында 76 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 15,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Жеті іс бойынша материалдар сотта қаралды.
«Келесі вегетация кезеңіне дайындық аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен суды ұтымды пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, бір дақылды үздіксіз өсіру көлемін қысқарту және ауыспалы егіс талаптарын сақтау мәселелері бойынша жұмыс жалғасады. Жалпы, 2026 жылғы вегетация кезеңі штаттық режимде өтті», - деді «Қазсушар» РМК Жетісу облыстық филиалының директоры Медет Керімжанов.









