
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазсушар» РМК Қарағанды филиалының директоры Муслим Аққожин мен Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Нұрлан Көшкінбаев облыстағы вегетация кезеңінің қорытындысын шығарды.
2026 жылы «Қазсушар» РМК Қарағанды филиалы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және бау-бақша кооперативтерімен су беру бойынша 53 келісімшарт жасасты. 19,6 мың гектар жер суарылып, 68 млн текше метр су берілді.
Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясымен бірлесіп, облыс аумағында суды заңсыз алудың 5 фактісі анықталды. Анықталған барлық заң бұзушылық бойынша тиісті материалдар рәсімделді.
Өңірдің суару инфрақұрылымын дамыту мақсатында филиал Бұқар жырау ауданындағы Самар, Жаңаталап, Тұзды, Қажар және Шоқай магистральдық каналдарын реконструкциялау жобаларын әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар нысандардың өткізу қуатын арттыруға, су ысырабының көлемін азайтуға және облыстағы суармалы жердің көлемін 6 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«2026 жылғы суару маусымы тұрақты өтті. Ауа райының ыстық әрі қуаң болғанына қарамастан, филиалмен келісімшарт жасасқан барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге келісімдерде көзделген су көлемі толық берілді», - деді «Қазсушар» РМК Қарағанды филиалының директоры Муслим Аққожин.









