
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Тимур Тілеуов пен Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының Ақтөбе бөлімінің басшысы Дарина Сұңғатова өңірдегі вегетация кезеңінің қорытындысын шығарды.
Биыл мамыр-қыркүйек айлары аралығында су тұтынушылардың қажеттілігі үшін Ақтөбе су қоймасынан 28,5 млн текше метр, Қарғалы су қоймасынан 27,7 млн текше метр, ал Сазды су қоймасынан 2,6 млн текше метр су жіберілді.
Өңірде пайдаланылатын суармалы жердің жалпы аумағы шамамен 11 мың гектар. Мұнда негізінен картоп, сондай-ақ көкөніс, бақша, мал азығы, майлы және дәнді дақылдар өсіріледі.
«Филиал барлық су тұтынушыға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етті. Вегетация маусымында ешқандай мәселе туындаған жоқ. Барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қажетті көлемде сумен қамтамасыз етілді», - деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Тимур Тілеуов.
Өңірде инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Қарғалы су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Жоба аясында бөгетті, су жіберу құрылғысын және тасқын суды өткізу су ағызғышын жөндеу, шағын су электр станциясын (СЭС) орнату, сондай-ақ ұзындығы 18 шақырым магистральдық каналды реконструкциялау көзделген.









