
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазсушар» РМК «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы директорының орынбасары Әділбек Шапатов, Павлодар филиалы пайдалану бөлімінің бас маманы Серік Мұстафин және Ертіс бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров вегетация кезеңінің қорытындысын шығарды.
Биыл «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы суару үшін су жеткізуге 43 келісімшарт жасасты. Оның ішінде 40 келісімшарт Павлодар облысы бойынша 17,4 мың га жерді суаруға, 3 келісімшарт Қарағанды облысы бойынша 6,4 мың га жерді суаруға бағытталған.
Негізгі өсірілетін дақылдар - картоп, күнбағыс, майлы дақылдар, жаздық бидай, көпжылдық шөптер және сүрлемдік жүгері.
Вегетация кезеңінде «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы 50 млн текше метрге жуық су жіберді. Оның ішінде 27 млн текше метр Павлодар облысына, 23 млн текше метрге жуық су Қарағанды облысына тиесілі.
Бас прокуратурамен бірлескен «Судың қара нарығына» қарсы күрес жөніндегі Жол картасы аясында Ертіс бассейндік инспекциясы су пайдалану лимиттерінің сақталуын күн сайын тексеріп, келісімшартсыз немесе рұқсатсыз су ресурстарын пайдалану фактілерін анықтайды. 2026 жылдың басынан бері инспекция 17 заң бұзушылықты анықтап, жалпы сомасы 2,7 млн теңгеге айыппұл салды.
«Қ. Сәтбаев атындағы канал бойындағы вегетация кезеңі апатсыз өтті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су толық көлемде жеткізілді. Тұтынушылардан филиалдың атына ешқандай шағым түскен жоқ. Алдағы жылдары канал арқылы суарылатын тағы 7 496 га жаңа алқапты іске қосу жоспарланып отыр», - деді «Қазсушар» РМК «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы директорының орынбасары Әділбек Шапатов.









