Жеке құраммен жұмыс: ШҚО ПД-да 9 айдың қорытындысын шығарды
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде бастықтың орынбасары, полиция полковнигі Серік Манаповтың төрағалығымен жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшелердің 9 айдағы қызмет қорытындысына арналған жедел кеңес өтті.
Кеңеске қалалық және аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары, олардың жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев қатысты.
Күн тәртібінде 2026 жылдың 9 айындағы кадр жұмысының қорытындылары, қызметтік тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, қызметкерлер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ кәсіби-қызметтік және дене даярлығының жай-күйі қаралды.
Жиын барысында тәрбие және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, тәртіпті нығайту, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру және дене даярлығын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Серік Манапов басшыларға қызметкерлер арасында тәртіп пен заңдылықтың сақталуын бақылауды күшейтуді, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды және қызметтік міндеттерін сапалы орындау үшін қажетті жағдай жасауды тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша аумақтық полиция бөлімшелерінің басшыларына нақты міндеттер қойылып, оларды орындау мерзімдері белгіленді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі







