
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Варшавада ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының адам өлшемі жөніндегі конференциясының этникалық және діни толеранттылық пен кемсітушілікке жол бермеу мәселелеріне арналған пленарлық отырысында сөз сөйледі.
Өз сөзінде Омбудсмен Қазақстанның көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет екенін атап өтті: елде 120-дан астам этнос өкілі тұрады, 1 мыңға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Теңдіктің құқықтық кепілдіктеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанның Конституциясы мен ұлттық заңнамасы азаматтарды шығу тегі, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, наным-сенімі және өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушіліктен қорғауды қамтамасыз етеді.
«Тең құқықтылықты бұзғаны, әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырғаны, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып араздық қоздырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленген», – деді Артур Ластаев.
Қоғамдық қатысу мәселесіне тоқталған Уәкіл Қазақстан Халық Кеңесінің – халықтың мүддесін білдіретін және жалпыұлттық бірлік мәселелерін үйлестіруге ықпал ететін жоғары конституциялық консультативтік органның құрылғанын атап өтті. Оның құрамына 126 адам кіреді, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі бар.
Өңірлерде де қоғамдық кеңестер жұмыс істейді, олардың құрамының кемінде төрттен бірін этномәдени бірлестіктердің өкілдері құрауы тиіс. Уәкілдің айтуынша, мұндай тетіктер этностық қауымдастықтар өкілдерінің қоғамдық диалогқа тұрақты қатысуын қамтамасыз етіп, маңызды мәселелерді талқылау барысында олардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді.
Сөз барысында ар-ождан және діни сенім бостандығы мәселелеріне де жеке тоқталды. Қазақстан – зайырлы мемлекет, онда ешбір діннің заң алдында артықшылықты мәртебесі жоқ. Құқықтық қағидаттар дін ұстанушылар санына қарамастан, барлық діни бірлестіктерге бірдей қолданылады.









