Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының (АҚК ТМД) VII отырысына қатысты.
Отырыс барысында Омбудсмен екі сұрақ бойынша баяндама жасады.
Алғашқы баяндама ТМД-ға мүше мемлекеттердің пенитенциарлық жүйелеріндегі әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесіне арналды. Артур Ластаев халықаралық стандарттарға, ұлттық заңнамаға және олардың қолданылу тәжірибесіне жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда, әйелдердің қамауда ұстау жағдайлары, медициналық көмек пен білім алуға қолжетімділігі, қайта әлеуметтендіру бағдарламалары және тәуелсіз мониторинг тетіктері зерттелді.
Уәкіл ТМД-ға мүше мемлекеттер пенитенциарлық жүйелерді дәйекті түрде жетілдіріп, халықаралық стандарттарды енгізіп келе жатқанын атап өтті.
Екінші баяндама Қазақстан Республикасындағы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау мәселесіне арналды. Омбудсмен тиісті шолудың негізгі нәтижелерін таныстырып, заңнамалық кепілдіктер, әлеуметтік қолдау шаралары, қолжетімді ортаны дамыту, инклюзивті білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелерін баяндады.
Артур Ластаев мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету әлеуметтік қолдау жүйесін дамытуды ғана емес, сонымен қатар қолжетімді орта қалыптастыруды да талап етеді, - деп атап өтті.
Отырыс барысында 2027 жылы ТМД Адам құқықтары жөніндегі комиссиясына төрағалық ету Қазақстанға өтетіні туралы шешім қабылданды.
ТМД Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы – адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау мәселелерімен айналысатын ТМД-ның мемлекетаралық консультативтік-құқық қорғау органы.
Комиссия өз қызметінің қорытындысы бойынша Достастық мемлекеттері басшыларының кеңесіне жыл сайынғы қызметі туралы баяндама ұсынады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









