
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау талабының күшіне енгенін хабарлайды. Көрсетілген күннен кейін өндірілген барлық өнім Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс.

ББҚ-ның міндетті қадағалау жүйесін іске қосу 2027 жылғы 1 наурызға жоспарланған.Осы күннен бастап өнімнің айналымы толық электрондық құжат айналымымен сүйемелденіп, тауарды нарыққа қатысушылар арасында беру кезінде әрбір операция расталатын болады.

Цифрлық таңбалау шеңберінде өнімнің әбрір бірлігіне бірегей Data Matrix коды беріледі. Аталған код өнімнің қаптамасына түсіріліп, Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының жүйесінде тіркеледі. Бұл тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкен сөресіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.

Мемлекет бұл шара ББҚ айналымының нарықтағы ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге, адал кәсіпкерлікті жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға және құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді деп күтеді. Таңбалаумен нарықтың жеткілікті бөлігі қамтылғаннан кейін сатып алушылар қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеу жолымен сатып алынатын ББҚ-ның заңдылығын өз бетінше тексеру мүмкіндігіне ие болады.

Нарыққа қатысушылар не істеуі қажет?
ББҚ айналымы саласында жұмыс істейтін компанияларға:
1.Тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде (ТТҚЦЖ)
tanba.markirovka.kz порталында тіркелу;
2.Тауар карточкаларын жүйеде алдын ала тіркеуді бастау қажет.

Назар аударамыз, тіркелген тауар карточкалары белгілі бір уақытты қажет ететін модерация рәсімінен өтеді. Осыған байланысты нарыққа қатысушыларға тіркеуді кейінге қалдырмау ұсынылады. Бұл талап күшіне енгенге дейін модерация рәсімін аяқтап, таңбалау кодтарына уақтылы тапсырыс беруге мүмкіндік береді.

Міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген таңбаланбаған ББҚ қалдықтары нарыққа қатысушылар тарапынан белгіленген тізбеге сәйкес олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізілуі мүмкін.