
Қазақстанда кәдімгі электрокардиограмма арқылы созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупі жоғары пациенттерді анықтауға және оларды қосымша тексеруге уақтылы жіберуге мүмкіндік беретін отандық жасанды интеллект технологиясын сынақтан өткізу жобасы басталды.
Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС бас директоры Елена Троговамен кездесуі өтті. Кездесу барысында ЭКГ деректері негізінде созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтауға арналған жасанды интеллект моделін валидациялық зерттеу жобасына ресми түрде старт берілді.
Технология ең алдымен емханаларда қолдануға бағытталған. Жасанды интеллект ЭКГ нәтижелерін талдап, эхокардиографиядан басым тәртіппен өтуі қажет пациенттерді анықтауға дәрігерге көмектеседі.
«Біздің міндетіміз – ауыр асқынулар мен емдеуге жатқызуды күтпей, ауруды мүмкіндігінше ерте анықтау. Жасанды интеллект дәрігерге қауіптерді жедел бағалауға және пациентті қажетті тексеруге уақтылы жіберуге көмектесуі тиіс. Бұл ретте соңғы клиникалық шешімді әрдайым медицина маманы қабылдайды», – деп атап өтті Ербол Оспанов.
Жобаның артықшылықтарының бірі – қосымша жабдық сатып алмай-ақ, ЭКГ диагностикасының қолданыстағы цифрлық инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндігі.
Жасанды интеллект моделі медициналық деректер иесіздендірілген түрде қолданылып оқытылған және ЭКГ мен ЭхоКГ-ның салыстырмалы нәтижелері негізінде валидациядан өтеді.
«Мұндай шешімдерді кеңінен енгізбес бұрын олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы расталған деректер алу қажет. Валидациялау нәтижелері бойынша технологияны медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде одан әрі қолдану мүмкіндігі қаралатын болады», – деп атап өтті вице-министр.
Жоба Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстанның жүрек жеткіліксіздігі жөніндегі мамандар қоғамы және «АстраЗенека Қазақстан» компаниясының қолдауымен қазақстандық CMC Technologies компаниясының арасында жасалған үшжақты меморандум шеңберінде іске асырылуда.
Клиникалық сараптаманы кардиологтардың кәсіби қауымдастығы, ал технологиялық бөлігін CMC Technologies қамтамасыз етеді. Компания әзірлеген қашықтан ЭКГ диагностикасы жүйесі 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыттың ішінде жүйе арқылы 4 миллионнан астам зерттеу жүргізіліп, оған 140-тан астам медициналық ұйым мен 400 филиал қосылған.
Зерттеу қорытындысы бойынша жасанды интеллект моделінің дәлдігі және оны медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде созылмалы жүрек жеткіліксіздігі қаупін ерте анықтау үшін одан әрі қолдану мүмкіндігі бағаланады.









