«САЛАМАТТЫ МЕКТЕП»: БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕКТЕП ОРТАСЫНЫҢ БӨЛІГІНЕ АЙНАЛУДА

    «САЛАМАТТЫ МЕКТЕП»: БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕКТЕП ОРТАСЫНЫҢ БӨЛІГІНЕ АЙНАЛУДА

    Қазақстанда «Саламатты мектеп» бастамасы жаңа кезеңге өтуде. Жекелеген профилактикалық іс-шаралардан мектептерде салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың бірыңғай жүйесіне көшу көзделіп отыр. Ендігі жерде бастаманың тиімділігінің негізгі көрсеткіші өткізілген іс-шаралардың саны емес, мектептердегі нақты өзгерістер болуы тиіс.
    Астанада еліміздің барлық өңірінен 2000-нан астам қатысушыны біріктірген «Саламатты мектеп» бірінші республикалық форумы өтті. Талқылаудың негізгі мәселесі - бала денсаулығына қамқорлықты жеке бағыт ретінде емес, мектептің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру жолдары.
    Бүгінде «Саламатты мектеп» бастамасымен еліміздегі 8048 жалпы білім беретін мектептің 6349-нда, яғни 78,9%-ы қамтылған. Бастама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасына сәйкес іске асырылуда.
    Келесі міндет – мектептердің бастамаға жай ғана қатысуын емес, олардың ішінде сапалы өзгерістердің қалыптасуын қамтамасыз ету.
    Бұл – денсаулық сақтау мен білім беру салаларын біріктіретін кешенді жүйе. Баланың денсаулығы мектеп ортасының барлық элементтері арқылы қолдау табуы тиіс. Оған тамақтану сапасы мен дене белсенділігіне мүмкіндік беруден бастап, психологиялық әл-ауқат, санитариялық қауіпсіздік, аурулардың профилактикасы және медициналық көмектің қолжетімділігіне дейінгі бағыттар кіреді.
    Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту жөніндегі «Саламатты мектеп» іс-шаралар жоспары бекітілді. Барлық өңірлерде жоспарлар мен үйлестірушілер айқындалды, сондай-ақ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Сараптамалық кеңесі бекіткен бастаманы іске асырудың бірыңғай алгоритмі енгізілді.
    «Біздің ортақ міндетіміз – дұрыс тамақтану, қимыл-қозғалыс және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну баланың күнделікті өмірінің қолжетімді бөлігіне айналуын қамтамасыз ету», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
    Басым бағыттардың бірі – мектептегі тамақтану. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарындағы тамақтанудың жаңартылған стандарттары қолданысқа енгізілді. Енді осы стандарттардың мектептерде тікелей орындалуын қамтамасыз ету маңызды. Атап айтқанда, өнімдердің сапасы мен мәзір құрамын, буфет өнімдерінің ассортиментін және тегін ауыз судың қолжетімділігін бақылау қажет.
    Медициналық және психологиялық көмекті жүйелі түрде көрсету де маңызды. Ауруды немесе денсаулыққа қатысты басқа да проблеманы анықтау көмек көрсету процесінің соңғы нүктесіне айналмауы тиіс.
    Жаңа тәсілде жауапкершілік аймақтары нақты бөлінген. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сүйемелдеуді және профилактикада дәлелді тәсілдерді, Оқу-ағарту министрлігі қауіпсіз әрі денсаулықты сақтауға бағытталған білім беру ортасын қалыптастыруға жауап береді, ал өңірлер үйлестіру мен қажетті ресурстарды қамтамасыз етеді.
    Сонымен қатар, бастаманың цифрлық құрамдас бөлігі де дамуда. 2026 жылы HPS порталы кешенді жаңғыртудан өтті. Бұл біртіндеп қатысушылардың санын есепке алудан бастап мектеп ортасының жай-күйін бағалауға және нақты өзгерістерді жоспарлауға көшуге мүмкіндік береді.
    Осылайша, «Саламатты мектеп» нәтижесі тікелей мектептен көрінетін жүйеге айналуда: бала дұрыс тамақтануға, дене белсенділігіне, медициналық және психологиялық көмекке қол жеткізеді, ал мектептің өзі салауатты әдеттерді қалыптастыруға жағдай жасайды.
    Бірінші республикалық форумның қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық модельді одан әрі дамыту жөніндегі ортақ ұстанымды бекіткен қарар қабылдады. Бұл құжат 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік органдардың, өңірлердің, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, кәсіби және сарапшылық қоғамдастықтың, сондай-ақ халықаралық әріптестердің жұмысын біріктіруге негіз болады.
    Форумды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы ұйымдастырды.
    Форум жұмысына мемлекеттік органдардың, өңірлік білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, мектеп басшылары мен педагогтер, мектеп дәрігерлері мен медицина қызметкерлері, сондай-ақ ДДСҰ, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО өкілдері, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық қатысты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары