
Ұстаздар күніне орай Әйтеке би аудандық мәдениет үйінде білім саласының майталмандарына арналған мерекелік шара өтті.
Тағылымы мол шараға аудан әкімі Д.Тоғызбаев қатысып, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім беруге арнаған ұстаздарға жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Ұстаз еңбегінің ұлылығына тоқталып, жас ұрпақтың болашағын қалыптастыру жолындағы қажырлы қызметтеріне алғысын білдірді.
Мерекелік кеш барысында көрермендерге әсем ән әуелеп, күмбірлеген күй мен мың бұралған би тарту етіліп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерпаздардың тағылымды тартуы ұстаздарға деген құрмет пен ізеттің жарасымды көрінісіне айналды.
Шара барысында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып, ауданымыздың білім саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар ұстаздар марапатталды.
Атап айтқанда: «Әйтеке би ауданына сіңірген еңбегі» үшін медалімен еңбек өтілі 39 жыл болатын Т.Г.Шевченко атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры М.Кулсарина, еңбек өтілі 42 жыл болатын М.Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі О.Жаналина және еңбек өтілі 20 жыл болатын аудандық саз мектебінің директоры Ш.Берсүгірова марапатталды.
Білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде нәтижелі қызмет атқарып жүрген бірқатар педагогтер, аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен, Ақтөбе облысының білім басқармасының, аудандық білім бөлімі мен білім саласы кәсіподақ ұйымдарының Алғыс хаттары мен марапатталып, естелік сыйлықтары табысталды.
Ұстаз – білім беріп қана қоймай, шәкіртінің бойына адамдық қасиет пен елге деген жауапкершілікті қалыптастыратын тұлға. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – ұрпаққа көрсетілген құрмет. Барша ұстаздарға мықты денсаулық, еңбектеріне табыс, шәкірттерінің биік жетістіктерін тілейміз!









