https://www.instagram.com/reel/DgQMCRnRCw_/?bqrl=MXMyNjZsYnh1YjZ2aw==
«Әрбір ата-ана баласының ауыртпалық көрмей, алаңсыз өсіп, қатарынан қалмай, бақытты болғанын қалайды. Ал сол арманның орындалуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Бүгін Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Ақтөбеде осы ізгі ниеттің нақты көрінісіне айналған 300 орындық «Самғау» арнайы балабақшасын аштық.
Бұл - Қазақстанда баламасы жоқ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған алғашқы заманауи мектепке дейінгі кешен. Осындай маңызды нысанның алғаш рет Ақтөбеде бой көтеруі – өңіріміз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.
«Самғау» жай ғана балабақша емес. Гүл пішіндес нысанның әр күлтесі әр баланың ерекшелігіне құрметпен қарайтын, қабілетін ашуға, дамуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беруі тиіс. Мұнда бассейн, сенсорлық және Монтессори кабинеттері, логопедиялық бөлмелер, спорт және музыкалық залдар, медициналық қызметтер қарастырылған. Ең бастысы, балалар қажетті көмектің барлығын бір жерден тегін алады.
Мұндай орталықтың қажеттілігі өте жоғары. Бүгінде облыста арнайы мектепке дейінгі ұйымдарға 700-ден аса бала кезекте тұр. Сондықтан бұл нысан – талай отбасының көптен күткен тілегіне берілген жауап, ата-аналардың иығындағы жүктің бір бөлігін жеңілдететін үлкен қолдау.
Біз осындай мүмкіндіктерді көбейтуге міндеттіміз. Өйткені бала – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның бақыты.
«Самғаудың» табалдырығын аттаған әр бүлдіршіннің қадамы нық, болашағы жарқын болсын!»
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






