Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

    Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

    Антальяда (Түркия) Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында ғарыш өнеркәсібіндегі ынтымақтастық әлеуетін дамыту туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

    Құжатқа 5-9 қазан аралығында Түркияда өтіп жатқан 77-ші Халықаралық астронавтика конгресі - IAC 2026 аясында қол қойылды.

    Келісім ғарыш технологиялары, спутниктер әзірлеу, ғылыми зерттеулер, өндірістік кооперация және мамандар даярлау салаларындағы жүйелі өзара іс-қимыл үшін негіз қалыптастырады.

    Қазақстан үшін бұл бірлескен ғарыш бастамаларына қатысуды кеңейтуге, ТМҰ елдерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ғылыми-технологиялық және өндірістік құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.

    ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев келісімге қол қойылуын құптады. Оның айтуынша, құжат Ұйымның түркі әлеміндегі ғылыми, технологиялық және өндірістік ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растайды. Сонымен қатар, ол жаңа бірлескен ғарыш бастамалары үшін берік институционалдық негіз қалыптастырып, OTS-SAT спутнигін жасау тәжірибесін неғұрлым ауқымды ынтымақтастық үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

    Осындай өзара іс-қимылдың практикалық жобаларының бірі - OTS-SAT. Бұл ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында Астанада «Ghalam» ЖШС әзірлеп жатқан 12U форматындағы спутник.

    Жоба ғарыш аппаратын әзірлеуді, оны пайдалануды басқаруды және өңірлік өзара іс-қимылды дамытуды біріктіреді. Ол орбитада технологияларды көрсетуге және ғарыш жағдайында спутниктік кіші жүйелерге арналған жаңа техникалық шешімдердің жұмыс қабілеттілігін тексеруге арналған платформаға айналып, ТМҰ елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.

    Аэроғарыш комитеті келісімге қол қойылуын Қазақстанның халықаралық ғарыш ынтымақтастығын дамытудағы және Ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ ғылыми, технологиялық және өндірістік әлеуетін нығайтудағы маңызды кезең ретінде қарастырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары