
Өңірлік коммунгикациялар қызметіндегі брифингте аудан әкімі Еркебұлан Оразалин тау бөктеріндегі көшкіннің алдын алу мен көшкіннен келетін оқыс жағдайды азайту мақсатында қолға алынған осы жұмыс жөнінде айтып берді.
«Аудан аумағында көшкін қаупі бар 48 жер анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен, сараптамалық ұйымдармен бірлесіп істелетін қажетті жұмыс пысықталды. Аудан әкімдігі тарапынан 12 жерде жұмыс басталды, оның 4-еуінде әлі жұмыс істеп жатыр», – дейді.
Сонымен қатар сегіз учаскеде меншік иелері сараптамалық ұйымдардың қорытындысына сәйкес жұмысын бастап кеткен.
Аумақтың ерекшелігіне қарай беткей мен тіректерді нығайту мен топырақты тұрақтандыруға бағытталған өзге де инженерлік шешім қарастырылған.
Жалпы 18 учаскеде көшкінге қарсы кешенді іс-шаралар қазір толық аяқталды. 30 учаске бақылауда тұр, оларда жұмыс әлі біте қойған жоқ.
2024 жылдан бастап ықтимал қауіпті жерлердің саны 87-ге дейін жеткен.
Басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу. Ықтимал қауіпті учаскеде қолға алынған жұмысты күрделі жағдай туындағанша алдын ала істейді.









