
Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қаракөз Тлеумағамбетоваға «Құрмет» орденін табыстады.
Қаракөз Еңсегенқызының білім саласындағы еңбек өтілі – 37 жыл. Оның 15 жылы «Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернаты» КММ директоры қызметімен байланысты. Осы уақыт ішінде ол дарынды оқушыларға сапалы білім беруге және білім ордасының дамуына елеулі үлес қосты.
1988 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын «физика және математика мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған Қаракөз Тлеумағамбетова бүгінде «педагог-шебер» біліктілік санатына ие.
Ұзақ жылғы еңбегі бұған дейін де бірқатар марапатпен атап өтілген. 2013 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне, 2022 жылы Ы. Алтынсарин төсбелгісіне ие болды. 2023 жылы «Дарын» РҒПО-ның 25 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталса, 2024 жылы «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағы берілді.
«Білім беру саласында қызмет етіп келе жатқаныма 37 жыл болды. Осы жылдардағы еңбегімнің еленіп, жоғары марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Бұл – менімен бірге еңбек етіп жүрген әріптестерімнің де еңбегіне берілген баға деп қабылдаймын. Барша ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Ұстаздардың еңбегімен парасатты, білімді, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиеленіп келеді», – деді Қаракөз Тлеумағамбетова.
Ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, ұрпақ тәрбиесіне және елдің болашағына көрсетілген құрмет.









