Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінің 40 тан астам сотталушысы орта білім туралы аттестат алды

    Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінің 40 тан астам сотталушысы орта білім туралы аттестат алды

    Абай облысының орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 40-тан астам сотталған орта білім туралы аттестат алды.

    Абай облысының білім басқармасы Семей қаласының білім бөліміне қарасты «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі жанындағы №2 жалпы білім беретін мектеп» КММ-де оқу жылын ойдағыдай аяқтаған сотталғандарға аттестат табыстау рәсімі өтті.

    Салтанатты іс-шара барысында білім беру бағдарламасын толық көлемде меңгерген 40 сотталғанға мемлекеттік үлгідегі аттестаттар табысталды. Мекеме әкімшілігінің өкілдері мен педагогтер ұжымы мектеп бітірушілерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, алдағы уақытта табысқа жетіп, өз күштеріне сенуге және алған білімдерін болашақта тиімді пайдалануға тілектестік білдірді.

    – Мен 36 жастамын. Балалық шағымның басым бөлігі көшеде өтті. 14 жасымда мектепті тастап, бар уақытымды достарыммен бірге өткізетін болдым. Кейін жұмыс істеп, табыс таба бастадым да, білімсіз-ақ өмір сүруге болады деп ойладым. Оқуды әрдайым кейінге қалдырып жүрдім. Осы жерге келген соң, бас бостандығынан айыру орындарында да білім алуға мүмкіндік бар екенін біліп, бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдалануды шештім. Бостандыққа шыққаннан кейін мамандық алып, жұмысқа орналасып, тек адал еңбекпен ақша табуды жоспарлап отырмын, – деді сотталғандардың бірі.

    Іс-шара барысында сотталғандарды түзеу және оларды бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындау үдерісінде білім алудың маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

    – Білім алу сотталғандарға тек біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға ғана емес, сонымен қатар өмірлік құндылықтарын қайта қарауға, өз күшіне деген сенімін арттыруға және алдағы мақсаттарын айқындауға мүмкіндік береді. Әрбір алынған аттестат – бостандыққа шыққаннан кейін табысты әлеуметтенуге, жұмысқа орналасуға және заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруға жасалған тағы бір қадам, – деді сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Мақсат Серікханов.

    Мектеп бітірушілер ұстаздарға еңбегі, қолдауы және білім алуға қосқан үлесі үшін шынайы алғыстарын білдірді. Сотталғандардың айтуынша, білім алу тұлғалық дамуға, кәсіби өсуге және лайықты болашақ құруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары