Абай облысындағы ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде кір сабын өндіретін жаңа өндірістік цех өз жұмысын бастады. Өндіріс орнын іске қосудағы басты мақсат — сотталғандарды еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау.
Қазіргі уақытта цехта күн сайын салмағы 200 грамм болатын шамамен 700 дана кір сабыны өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс қуатын үш есеге жуық арттырып, тәулігіне 2 000 данаға дейін өнім шығару жоспарланып отыр. Бүгінде цех ұжымы Павлодар қаласына жөнелтілетін 60 мыңнан астам дана кір сабынына арналған ірі тапсырысты орындауды аяқтауда.
Қазіргі таңда өндіріс орнында жеті сотталған жұмыспен қамтылған. Өнім көлемі артқан сайын жұмысшылар санын 15 адамға дейін көбейту жоспарлануда.
Сотталғандардың еңбекақысы атқарылған жұмыс көлеміне қарай төленеді. Табыс сот шешімімен белгіленген талап-арыз міндеттемелерін өтеуге бағытталады. Сонымен қатар, бұл қаражат олардың отбасылары мен жақындарына материалдық қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді.
— Бұл жұмыс өзімді қоғамға пайдалы адам ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Кәсіп меңгеріп, табыс тауып жүрмін. Отбасыма көмектесіп, мойнымдағы міндеттемелерді біртіндеп өтей аламын. Мұның бәрі алға ұмтылуға және бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға ынталандырады. Мұнда жауапкершілікке үйрендім, адал еңбектің қадірін түсіндім. Жинаған тәжірибем мен алған дағдыларым бостандыққа шыққан соң жұмыс табуыма көмектесетініне және бұрынғы қателіктерді қайталамайтыныма сенімдімін, — деп бөлісті сотталғандардың бірі.
— Мекеме аумағында жаңа цехтың ашылуы сотталғандарды ақылы жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл оларға қаржылық міндеттемелерін орындауға, отбасыларына көмектесуге, еңбек дағдыларын меңгеруге жағдай жасап, түзелуіне және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға сәтті бейімделуіне ықпал етеді. Бүгінде мекемеде төрт жеке кәсіпкерлік нысаны мен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Атап айтқанда, ағаш өңдеу, тігін, жиһаз жасау цехтары, сусын өндіру цехы және жаңадан ашылған кір сабын өндіру цехы қызмет атқаруда, — деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің инспекторы Ақылбек Әубәкіров.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









