«Бүгін мен балаларымды құшағыма қайта бастым»: бір күнде алты сотталған әйел бостандыққа шықты

    Абай облысындағы ҚАЖ жүйесінің әйелдер колониясынан бір күнде алты сотталған әйел бостандыққа шықты. Олардың әрқайсысы үшін бұл күн көптен күткен, шын мәнінде қуанышты сәтке айналды.

    Мекеме қақпасының алдында әйелдерді туған-туыстары мен жақындары күтіп алды. Аналарына, қыздары мен әпке-сіңлілеріне арнап Жетісу облысынан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы мен Риддер қалаларынан туыстары арнайы келген.

    Олардың жастары да, тағдырлары да, шыққан өңірлері мен өтеген жаза мерзімдері де әртүрлі. Алайда бұл күні барлығын бір ғана нәрсе біріктірді — айлар мен жылдарға созылған сағыныштан кейін жақындарымен қауышу бақыты.

    Бостандыққа шыққандардың арасында Алматы қаласының 41 жастағы тұрғыны да бар. Екі жыл бұрын қаржылық қиындықтарға тап болған ол бүгін өз ісіне шын жүректен өкінеді. Жақын құрбысының сенімін пайдаланып, оның рұқсатынсыз екі миллион теңгеден астам сомаға несие рәсімдеген. Құрбысы бұл алдауды кешіре алмай, көп ұзамай әйел сот алдында жауап берді. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

    — Тек осы жерде ғана өз қателігімнің қандай ауыр салдарға әкелгенін шын мәнінде түсіндім. Мен жақын адамымның сенімінен айырылдым, ал ең қиыны — балаларымнан ұзақ уақытқа қол үзіп қалдым. Колонияда өткізген уақытымда көп нәрсені қайта сараладым. Енді жақындарымның сенімін қайтарып, жұмысқа орналасып, өмірімді жаңадан бастағым келеді. Бүгін балаларым мен жақындарымның жанында болу мүмкіндігін ерекше бағалаймын. Бұл күн біз үшін өмірдің жаңа кезеңінің бастауы болды. Енді өткен қателіктерді артта қалдырып, жақындарымызбен қарым-қатынасты қалпына келтіріп, болашағымызды бостандықта құруға мүмкіндік бар, — деп бөлісті 41 жастағы әйел.

    — Әрбір босатудың артында мекеме қызметкерлерінің күнделікті еңбегі тұр. Біздің міндетіміз — адамға жазасын өтеп қана қоймай, қоғамға қайта бейімделуге де көмектесу. Бостандыққа шыққаннан кейін әр адамның жаңа өмір бастауына, жақындарымен қарым-қатынасын қалпына келтіруіне және қайтадан қылмысқа бармауына мүмкіндік жасауға күш саламыз, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары