Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде рақымшылық жасау аясында алғашқы 13 сотталған адам босатылды.

    2026 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты елімізде қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жүргізілуде. «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді. Құжаттың негізгі мақсаты — мемлекеттің қылмыстық саясатын ізгілендіру, сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету және олардың заңға бағынатын өмір салтына оралуына жағдай жасау.

    Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде рақымшылық аясында алғашқылардың бірі болып 13 сотталған босатылды. Олардың жасы 19 бен 58 аралығында. Олар алаяқтық және ұрлық қылмыстары үшін жаза өтеген.

    Босатылғандардың бірі — алаяқтық жасағаны үшін екі жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылған, Семей қаласының 24 жастағы тұрғыны.

    — Рақымшылық мен үшін өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік берді. Мен өз қателіктерімнен маңызды сабақ алдым және бұрынғы қателіктерімді қайталағым келмейді. Үйде мені жақындарым күтіп отыр. Ендігі басты мақсатым — жұмысқа орналасып, отбасыма көмектесу және іс-әрекетіммен өзгергенімді дәлелдеу. Маған осындай мүмкіндік бергені үшін ризамын. Бұл мүмкіндікті адал өмір сүруге, заңды сақтауға және қоғамға пайда келтіруге пайдаланғым келеді. Жақындарымның қолдауы қоғамға тезірек бейімделіп, жаңа өмір бастауға көмектесетініне сенімдімін, — деп бөлісті сотталған азамат.

    Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі орташа мекемесі Арнайы есепке алу бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Мөлдір Тоқтағанованың айтуынша, рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуде.

    — Заңды іске асыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылуда. Әрбір материал мұқият зерделеніп, рақымшылық тек Заңның талаптарына сәйкес келетін адамдарға ғана қолданылады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталғандар белгіленген тәртіппен босатылады. Бүгінгі таңда мекемеде рақымшылық аясында 13 сотталған босатылды, — деп атап өтті Мөлдір Тоқтағанова.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары