
Заңсыз жұмыс: ШҚО-да жеті шетелдік ел аумағынан шығарылды
Шығыс Қазақстан облысында «Нелегал-2026» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Көші-қон қызметінің қызметкерлері шетел азаматтары мен жұмыс берушілердің заңнама талаптарын сақтауын, оның ішінде ел аумағында болу және еңбек қызметін жүзеге асыру заңдылығын тексеруде.
Тексерулердің бірінде көршілес мемлекеттің жеті азаматының уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істегені және Қазақстан Республикасында уақытша болуға құқық беретін құжаттары болмағаны анықталды.
Көші-қон заңнамасын қайталап бұзғаны үшін шетел азаматтары Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Оларға Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
Шетел азаматтарының еңбегін пайдалану кезінде заңнама талаптарын бұзған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. Шетел азаматтары мен жұмыс берушілердің белгіленген талаптарды сақтауы маңызды», — деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
Көші-қон қызметі ескертеді: шетел азаматтары Қазақстанда еңбек қызметін қажетті рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









