Ақмола облысында Ұстаздар күні аталып өтті

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Ақмола облысында Ұстаздар күні аталып өтті

    Өңір педагогтерін кәсіби мерекесімен құттықтап, көп жылғы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін марапаттады. Олардың қатарында мектеп мұғалімдері, тәрбиешілер мен колледж оқытушылары бар.

    Салтанатты жиында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, мұғалімнің бала тұлғасын қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде мектеп алдында сапалы білім берумен қатар, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.

    «Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мықты мұғалім – сапалы білімнің тірегі, ұлттың зияткерлік қуаты екенін, ал мектеп – мемлекет негіздері қалыптасатын басты орта екенін атап өтті. Сондықтан бүгінгі ұстаздың миссиясы бұрынғыдан да ауқымды. Білім беру жүйесінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру», – деді өңір басшысы.

    Бүгінде Ақмола облысының білім беру жүйесінде 24 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегінің нәтижесі ең алдымен шәкірттерінің жетістіктерінен көрінеді. Биыл ақмолалық оқушылар 320 алтын, 491 күміс және 799 қола медаль жеңіп алды. Халықаралық олимпиадаларда өңір атынан қатысқан 56 оқушының 36-сы жүлдегер атанды.

    Кәсіби жетістіктері мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ақмолалық ұстаз мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдары бар. Төрт педагог «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

    Сол күні Ақордада Мемлекет басшысының қолынан Ақкөл қаласындағы «Ақбота» бөбекжайының музыка жетекшісі Ғалия Тілеулина «Шапағат» медалімен, ал Аршалы ауданының Ижевское ауылы жалпы білім беретін мектебінің физика және информатика пәндерінің мұғалімі Гүлмира Мұхамедғалиева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

    Кәсіби жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар ұстазға да ерекше құрмет көрсетілді. Степногорск қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының мұғалімі Александр Кинцельге «Педагогтің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» құрметті атағы беріліп, 3,5 млн теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды.

    Облыс әкімінің алғыс хаттары мен Discovery Borovoe демалыс орнына жолдамалар 14 педагогке табыс етілді. Тағы төрт білім саласының өкілі алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

    Солардың қатарында Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Клара Әлиева бар. Ол тарих пәнінен сабақ беріп, болашақ мамандарды даярлау ісіне үлес қосып келеді.

    «Мен техникалық және кәсіптік білім беру саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін, тарих пәнінің оқытушысымын. Колледжіміздің атынан өңірдегі барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер және барлық игілікті тілеймін», – деді Клара Әлиева.

    Ақмолалық ұстаздар республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда да өңір абыройын лайықты қорғап келеді. Өткен жылы облыстың 10 мұғалімі мемлекеттік наградаларға ие болса, биыл бұл көрсеткіш 18-ге жетті. «Үздік педагог» атағын Бурабай ауданының Оқжетпес ауылы мектебінің химия және биология пәндерінің мұғалімі Гүлнара Сейітова мен Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің дене шынықтыру пәні оқытушысы Елебек Хамзин иеленді.

    Сонымен қатар өңірде балалардың білім алуы мен мұғалімдердің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда 20 мыңға жуық оқушыға арналған 24 мектеп салынды, тағы 20 білім беру ұйымы толық жаңғыртудан өтті. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беріп, ұстаздардың кәсіби қызметіне қажетті жағдай қалыптастыру.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары