Талдықорғанда орталық көшелер мен тұрғын үйлерді кешенді жаңарту жұмыстары жалғасады

    Талдықорған қаласында абаттандыру және облыс орталығының сәулеттік келбетін жаңарту бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасуда. Жетісу облысы құрылғаннан бері қалада 130 аула абаттандырылып, күрделі жөндеуден өтті, 113 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен 44 үйдің қасбеті жаңартылды. 2027 жылы жолдарды, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуді қамтитын қаланың негізгі көшелерін кешенді жаңғырту жұмыстары жалғасады.
    Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласын жұмыс сапары барысында аралап, атқарылған жұмыстардың барысымен және қалалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. Негізгі назар қаланың үш ірі магистралі - Қабанбай батыр, Жансүгіров көшелері мен Назарбаев даңғылын кешенді жаңартуға аударылуда. 2026 жылы 24 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды. Биылғы жылы абаттандыру жұмыстары жүргізілген негізгі нысандардың бірі - Жансүгіров көшесі. Мұнда жұмыстар инженерлік және жол инфрақұрылымының жағдайын ескере отырып жүзеге асырылды.
    Алдымен магистральдық жылу желісі реконструкцияланып, кейін жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көше бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстары қатар атқарылды. 2026 жылы Жансүгіров көшесіндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен жеті үйдің шатыры жөнделді. Мұндай тәсіл бір мезгілде бірнеше міндетті шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, инженерлік коммуникацияларды жаңғырту, автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту және тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін біріздендіру көзделген.
    Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, қаланың орталық көшелерін жаңарту инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту қажеттілігін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
    «Биыл Жансүгіров көшесін абаттандырдық. Жұмысқа кешенді түрде кірістік: алдымен магистральдық жылу желісін реконструкцияладық, содан кейін асфальт төседік. Сонымен қатар осы көше бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндедік», - деді өңір басшысы.
    2027 жылы тағы 36 тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жоспарланған. Келесі кезеңде Назарбаев даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді кешенді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. 2027 жылы 36 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін және жөндеуді қажет ететін 13 үйдің шатырын жаңарту жоспарланып отыр.
    Бұл ретте ғимараттардың бірыңғай сәулеттік-көркемдік келбетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінбек. Жөндеу жұмыстары барысында тұрғын үйлердің қабат санына қарай сараланған тәсіл қолданылады.
    Атап айтқанда, бес қабатқа дейінгі ғимараттардың қасбеттерін арнайы материалдармен қаптау, ал бес қабаттан жоғары үйлерді сапалы, суға төзімді материалдармен бояу көзделген. Мұндай шешім көпқабатты тұрғын үйлердің құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, қала құрылысының сыртқы келбетін біріздендіруге мүмкіндік береді. Қасбеттер мен шатырларды жаңарту жұмыстары Назарбаев даңғылын одан әрі абаттандырумен қатар жүргізіледі. Жол жөндеу жұмыстары қаланың негізгі магистральдарын қамтиды. Қалалық инфрақұрылымды кешенді дамыту аясында 2027 жылы жол жабындысын жаңарту жұмыстары да жоспарланған.
    Атап айтқанда, Назарбаев даңғылының орталық алаңнан айналма жол айрығына дейінгі бөлігін жөндеу көзделіп отыр. Сонымен қатар Жансүгіров көшесінің Гагарин көшесінен айналма жол айрығына дейінгі бөлігін және көпірге дейінгі қалған учаскесін жөндеу жоспарланған. Ал Қабанбай батыр көшесіндегі жөндеу жұмыстары 2025 жылы аяқталған.
    Осылайша, Талдықорғанның негізгі үш магистралін жаңарту жол жабындысының, инженерлік коммуникациялардың және іргелес тұрғын үй қорының жағдайын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізілуде.
    Бейбіт Исабаев атап өткендей, басты міндет - қаланың орталық бөлігінде бірыңғай заманауи сәулеттік келбет қалыптастыру. «Жүйелі тәсілдің арқасында қаланың негізгі үш көшесін кезең-кезеңімен бірыңғай сәулеттік келбетке келтіреміз. Бұл жол инфрақұрылымы мен тұрғын үй қорының жағдайын жақсартып қана қоймай, Талдықорғанның орталық бөлігінің сыртқы келбетін кешенді түрде жаңартуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.
    Кешенді жаңғырту қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған. Талдықорғанды абаттандыру жұмыстары тек орталық магистральдарды ғана емес, аула аумақтарын, көпқабатты тұрғын үй қорын және инженерлік инфрақұрылымды да қамтиды.
    Жетісу облысы құрылғаннан бері облыс орталығында 130 аула абаттандырылып, күрделі жөндеуден өтті, 113 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен 44 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды. Алдағы жобаларды жүзеге асыру қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастыруға, тұрғын үй қорының жағдайын жақсартуға және негізгі көшелердің біртұтас сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы Талдықорған қаласының басшылығына абаттандыру және қаланың сәулеттік келбетін жаңарту бағытындағы жоспарланған іс-шараларды одан әрі жүзеге асыруды тапсырды. Қалалық ортаны дамытудағы кешенді тәсіл Талдықорғанның негізгі көшелерін кезең-кезеңімен жаңартуға, жолдар мен тұрғын үйлердің жағдайын жақсартуға, сондай-ақ облыс орталығы тұрғындарының күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары