
Астананың Байқоңыр ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, құтқарушылардың қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасалды. Жаңғырту барысында гараж, инженерлік желілер мен арнайы техникаға арналған нысандар жаңартылып, бөлім аумағына спорт және демалыс алаңдары жабдықталды. Қазір мұнда төрт арнайы автокөлік кезекшілікте тұр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
№8 өрт сөндіру бөлімі елорданың Байқоңыр ауданындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Күрделі жөндеу барысында ғимарат толық жаңғыртылып, өрт сөндіру автокөліктеріне арналған гараж қайта жабдықталған. Инженерлік желілер жаңартылып, бөлімнің айналасы абаттандырылған. Сондай-ақ арнайы техникаға қызмет көрсетуге арналған жуу боксы орнатылған.
Құтқарушылар үшін тек қызметтік емес, тұрмыстық жағдайларға да көңіл бөлінген. Бөлім аумағында заманауи воркаут және футбол алаңдары жабдықталып, демалыс орындары жаңартылған. Айналаға ағаштар мен гүлдер отырғызылып, қызметкерлердің тынығып, дене дайындығын шыңдауына мүмкіндік жасалған. Жеке құрам жаңа арнайы киіммен де қамтамасыз етілген. Бөлімнің негізгі жұмыс құралы – әрине, өрт сөндіру техникасы. Қазір мұнда төрт арнайы автокөлік бар. Олардың қатарында сатылы техникамен бірге КамАЗ, «Урал» секілді көліктер де бар. Әрқайсысы түрлі жағдайдағы өртке жедел жетіп, қажетті жұмыстарды атқаруға бейімделген.
Бөлімше командирі Айдын Базарбекұлы бұл қызметтің өзі үшін жай ғана жұмыс емес, үлкен абырой екенін айтады.
«2009 жылдың сәуір айынан бері осы қызметтемін. Осы жылдар ішінде талай жағдайды бастан өткердік. Құтқарушы үшін ең бастысы – халыққа көмектесу. Әсіресе 2022 жылы Қостанай облысында болған өрт кезінде атқарған қызметіміз әлі есімізде. Сол кезде тұрғындардың алғысын естіп, ризашылығын сезіндік. Мұндай сәттер біздің жұмысымыздың қаншалықты маңызды екенін тағы бір түсіндіреді. Қызмет барысында халықтың алғысына бөленіп жатамыз. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе», – дейді бөлімше командирі.
Жаңарған ғимарат, заманауи техника мен жасалған қолайлы жағдайдың барлығы бір мақсатқа – құтқарушылардың жауынгерлік әзірлігін арттырып, төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалуға бағытталған.








