
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкіліне сотталған адамның туыстары мен адвокатынан оның денсаулығының нашарлауына және тіршілік әрекетінің шектелуіне байланысты бірқатар өтініш келіп түсті.
Өтініштерде сотталған адамның денсаулық жағдайы едәуір нашарлағаны, мамандандырылған медициналық тексерудің аяқталмағаны және сот қаулысының орындалмағаны айтылды.
Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі сот қаулысын орындау және сотталған адамға қажетті медициналық тексеру жүргізуді қамтамасыз ету жөнінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасына ұсыным енгізді.
Нәтижесінде сотталған адам диагнозын нақтылау мақсатында бейінді медициналық ұйымға жатқызылды. Қазіргі уақытта оған стационарлық тексеру жүргізілуде.
Тексеру қорытындысы бойынша комиссиялық қорытынды шығарылады, содан кейін сот сотталған адамның бас бостандығынан айыру орындарында жазасын одан әрі өтеу-өтемеуі туралы шешім қабылдайды.
Бұл — бас бостандығынан айыру адамның денсаулығын қорғау және білікті медициналық көмек алу құқығын шектемейтінін көрсететін нақты мысал.
Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұр. Адам құқықтарын қорғау дер кезінде ден қоюдан және қажетті шаралар қабылдаудан басталады.









