
Түркістан қаласында Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз Сейдулла Садықұлы Садықовтың 75 жылдығына арналған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» қалалық марафоны аясында «Ұлы Абай – тағылым жалғастығы» атты танымдық-шығармашылық байқау өтті.
Шара барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әліпов Мадияр Бақтыбайұлы мерейтой иесін 75 жасымен құттықтап, оның ел руханияты, журналистика, ғылым және білім салаларына сіңірген еңбегін атап өтті. Сейдулла Садықұлы Садықовқа қала әкімінің атынан Алғыс хат табысталып, шапан жабылды.
Шығармашылық байқауға облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының «Сегізаяқ», Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының «Толық адам» және облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының «Алтынсарин» топтары қатысты. Байқау екі кезең бойынша өтіп, қатысушылар Абайдың қара сөздерін талдап, оның идеяларын қазіргі қоғаммен байланыстырып, зерделі тұлға қалыптастыру бағытындағы өз ойларын шығармашылық тұрғыда ұсынды.
Іс-шара барысында Абайдың әндері орындалып, Түркістан музыкалық драма театрының Абай қойылымынан үзінді көрсетілді. Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен арнайы аталым иегерлері анықталып, марапатталды.









