
Жетісу университетінде полиция қызметкерлері студенттермен ауқымды профилактикалық кездесу өткізіп, жастар күнделікті өмірде тап болуы мүмкін өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында тәртіп сақшылары лудомания, есірткіге тәуелділік, адам саудасы және интернет-алаяқтықтың қауіп-қатері туралы айтып, қауіпті жағдайларды дер кезінде танып, қылмыскерлердің құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді. Полиция қызметкерлері өз тәжірибелерінен нақты мысалдар келтіріп, ойланбай жасалған әрекеттер мен құқық бұзушылықтардың салдарына тоқталды. Сондай-ақ интернет-алаяқтардың кең таралған схемалары, жастарды есірткінің заңсыз айналымына тарту тәсілдері және қаскөйлердің олардың сенімін қалай пайдалануы мүмкін екені айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен нақты жауаптар алды. Жетісу облысының полициясы жастарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және қауіпті жағдай туындаған кезде дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады.








