СЖРА мен ИДБ серіктестікті кеңейтуде: инфрақұрылым, жеке сектор және жасанды интеллект

    СЖРА мен ИДБ серіктестікті кеңейтуде: инфрақұрылым, жеке сектор және жасанды интеллект

    Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Ислам даму банкі (ИДБ) тобының Орталық Азия елдері бойынша Өңірлік хабының басшысы Хаммад Зафар Хундалмен кездесу өткізді.
    Кездесудің негізгі тақырыбы ИДБ-ның Қазақстанмен 2027–2031 жылдарға арналған жаңа Елдік әріптестік стратегиясын әзірлеу болды. Құжат алдағы кезеңдегі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындайды. Басымдықтардың қатарында Орта дәліз бен көлік инфрақұрылымын дамыту, су және энергетикалық қауіпсіздік, арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтар, цифрландыру және инновациялар, исламдық қаржыландыру, жеке сектор мен шағын және орта бизнесті қолдау, климаттық орнықтылық және адами капиталды дамыту бар.
    ИДБ инфрақұрылымдық жобалар мен жеке секторды қаржыландыруды, оның ішінде Банк тобының тетіктері мен қаржы делдалдары арқылы кеңейтуге дайын екенін растады. Қазақстандық бизнеске тікелей қаржы тартуға және отандық компаниялардың ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды.
    Кездесудің жеке бағыты арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтарды дамытуға арналды. Әсет Ерғалиев өңірлердің өнеркәсіптік мамандануын, көлік-логистикалық артықшылықтарын және халықаралық өндірістік тізбектерді ескере отырып, оларды дамытуда неғұрлым мақсатты тәсіл қажет екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ ірі көлік және инфрақұрылым тораптарының айналасында мамандандырылған кластерлерді дамыту мәселесін талқылады.
    Тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау саласында тәжірибе алмасу мүмкіндігін де жеке қарастырды. ИДБ стратегиялық құжаттарды әзірлеу және іске асырудағы қазақстандық тәсілдерді зерделеуге мүдделілік танытты. Бұл одан әрі өзара іс-қимылдың бағыттарының біріне айналуы мүмкін.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі" жаңалықтары