
Қызмет ардагерлері Владимир Побрус, Ғабдулқаим Бегалин, Людмила Пустовойт және Иван Худяков ақұтқарушылармен өздерінің мол тәжірибесімен бөлісіп, күрделі құтқару операциялары, ірі өрттерді сөндіру және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезіндегі естеліктерін ортаға салды.
Ұрпақтар сабақтастығы жас мамандардың кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Әсіресе құтқарушы және өрт сөндіруші секілді батылдық пен жауапкершілікті, сондай-ақ тәуекелге баруға дайын болуды талап ететін мамандықтарда аға буынның тәжірибесі ерекше маңызды.
Қызмет ардагері Владимир Побрустың еңбек жолында өңірдегі ең ірі әрі күрделі өрттерді жоюға қатысқан көптеген оқиғалар бар. 1990 жылы Владимир Побрус Өскемен металлургиялық зауытының бериллий өндірісінде болған өртті сөндіру жұмыстарын басқарды. Осы ерлігі үшін ол «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталды.
1997 жылы ол «Семей орманы» мемлекеттік орман резерваты аумағында болған ауқымды табиғи өрттерді сөндіру жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты. Сонымен қатар оның басшылығымен «Нефтегазмаш» кәсіпорнының құю цехында, ағаш талшықты тақталар зауытында болған ірі өрттер, сондай-ақ жанар-жағармай тиелген теміржол цистерналарының өртенуі және басқа да нысандардағы өрттер жойылды.
Кездесу барысында аға буын өкілдері бүгінгі таңда құтқарушылардың техникасы мен құрал-жабдықтарының жаңарып, жетілдіріліп жатқанын, жаңа өрт сөндіру деполарының салынып жатқанын атап өтті.
«Техника өзгереді, көліктер қуатты бола түсуде, құрал-жабдықтар да жаңаруда. Алайда біздің жұмысымыздың мәні өзгермейді. Ол – батылдық, бірінші болып көмекке келуге дайын болу және командалық жұмысты үйлестіре білу. Біз осы қасиеттерді жас әріптестерімізге жеткізгіміз келеді», – деді қызмет ардагері Владимир Побрус.
ШҚО ТЖД құтқарушылары қазіргі қызмет жетістіктерінің берік негізін аға буын қалыптастырғанын атап өтті.
Мұндай кездесулер қызметтің жақсы дәстүрлерін қалыптастырып, ондаған жылдар бойы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ардагерлер мен бүгінде жауынгерлік кезекшілікке түсіп жүрген жас мамандарды бір арнаға тоғыстырады.









