Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары мұз үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған 100-ден астам рейд өткізді.
Рейд барысында құтқарушылар балықшыларға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, ауа райының құбылмалы болуына байланысты мұздың барлық жерде бірдей берік емес екенін ескертуде. Сондай-ақ қысқы балық аулауды ұнататын азаматтарға мұз үстінде болған кезде өздерімен бірге қандай қауіпсіздік құралдарын алып жүру қажеттігі түсіндіріледі.
«Қалыңдығы 25 сантиметрден аз мұз үстіне шыққан кезде өзіңізбен бірге құтқару кеудешесі мен ысқырық болуы қажет. Сонымен қатар ұзындығы 2 метр таяқ немесе 12 метр арқан алған жөн. Олар суға батып бара жатқан адамды құтқаруға көмектеседі. Ал мұз ойғыш ілмектер мұз астына түсіп кеткен жағдайда судан өз бетіңізше шығуға мүмкіндік береді. Негізгі назар профилактикалық жұмыстарға аударылып отыр: тұрғындарға шұғыл қызметтердің нөмірлері ескертіліп, қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Сондай-ақ су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау әр азаматтың жеке жауапкершілігі екендігін атап өткен жөн», – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Құтқарушылар азаматтарды мұқият болуға және жұқа мұз үстіне шықпауға шақырады. Ешбір балық аулау өміріңізге төнетін қауіпке тұрмайды.
ШҚО ТЖД ескертеді: адам үшін қауіпсіз мұздың қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы керек. Қараңғы уақытта және көріну мүмкіндігі нашар кезде мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салынады. Мұз үстімен автокөлікпен жүруге болмайды. Ата-аналар балаларға мұз үстінде жүрудің қауіпті екенін түсіндіруі қажет.
Төтенше жағдай туындаған кезде112нөміріне хабарласыңыз.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








