
Көкшетау, 2026 жылғы 30 қыркүйек
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі ұйымдастырған кезекті «Құқықтық сағат» өтті. Іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды жоба аясында ұйымдастырылды.
Жоба Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен Ақмола облысында жүзеге асырылуда. Жоба басталғаннан бері құқықтық ағарту жұмыстары аясында 48 150 кәмелетке толмаған және жастар өкілі қамтылды.
Іс-шараға Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 180 студенті қатысты. Кездесуге Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшелері, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі жанындағы Сарапшылық кеңестің өкілдері, Ақмола облысының прокуратурасы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері талқыланып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы №1081 Жарлығымен бекітілген ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен басым бағыттары түсіндірілді.
Адам құқықтарын қорғау, оның ішінде әйелдердің құқықтарын сақтау мәселелеріне, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға ерекше назар аударылды.
«Құқықтық сағат» аясында жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, буллинг пен сталкингтің алдын алу, қылмыстардың жасалу себептері мен жағдайлары, жастардың алаяқтық схемалар мен қаржы пирамидаларына тартылуына жол бермеу мәселелері түсіндірілді.
Сонымен қатар ерте жүктіліктің, киберқылмыстар мен есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмдері бойынша ақпарат берілді.
Іс-шара интерактивті форматта өтті. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті құқықтық мәселелер бойынша практикалық түсіндірмелер алды.
«Құқықтық сағаттарды» өткізу жастардың өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Омбудсмен өкілі Гүлнәр Жәнібекова атап өткендей, жауапты азамат болу — өз құқықтарын білу және қорғау, өзгенің құқықтарын құрметтеу және өз міндеттерін адал орындау дегенді білдіреді. Құқықтық сауаттылық жастардың жауапты мінез-құлқы мен құқықтық санасын қалыптастырудың маңызды негізі болып табылады.









