Қарағанды облысының спортшылары мен жаттықтырушылары спорттағы жоғары жетістіктері үшін марапатқа ие болды

    Қарағанды облысының спортшылары мен жаттықтырушылары спорттағы жоғары жетістіктері үшін марапатқа ие болды

    Қарағанды облыстық мәслихатында төраға Нұркен Кобжановтың қатысуымен халықаралық спорт аренасында өңірдің және Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүрген Қарағанды облысының спортшылары мен жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді.

    Биыл ұлттық спорт түрлерінің өкілдері халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, 22-23 тамызда Бакуде (Әзірбайжан) қазақша күрестен ересектер арасындағы Әлем чемпионатында Ерқанат Молдағұлов күміс медаль жеңіп алды.

    9-15 қыркүйекте Атырауда өткен дәстүрлі садақ атудан «ALTYN ORDA» Әлем кубогында Әйгерім Кәдірман қола жүлдегер атанды.

    Аңсаған Қожанәсіп те жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жеңіс тұғырына көтерілді. 31 тамыз - 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ол овари жарысында қола медаль қанжығалады.

    Сонымен қатар, 21-27 қыркүйекте Бухарестте (Румыния) өткен ерлер мен әйелдер арасындағы тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатында Аңсаған Қожанәсіп «рапид» түрінен күміс медаль жеңіп алса, «блиц» түрінен әлем чемпионы атанды.

    VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көрсеткен жоғары нәтижесі үшін Аңсаған Қожанәсіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.

    Қарағанды облысының спортшылары мен жаттықтырушыларын қолдау аясында жоғары спорттық көрсеткіштері үшін спортшылар Әйгерім Кәдірман, Ерқанат Молдағұлов және Аңсаған Қожанәсіп, сондай-ақ олардың жаттықтырушылары Асылхан Қожанәсіп, Жасұлан Ошанов пен Мақсат Ахметбековке ақшалай сертификаттар табысталды.

    Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов құттықтау сөзінде: «Ұлттық спорт түрлері өңірдің спорт саласын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, оларды дайындау және жарыстарға қатысу үшін қажетті жағдайлар жасау облыстық мәслихат жұмысының маңызды бағыты болып қала беремек», – деп атап өтті.

    Депутаттық корпус өкілдері спортшылар мен жаттықтырушыларға жоғары кәсібилігі, Қарағанды облысы мен Қазақстан атынан халықаралық аренада лайықты өнер көрсетіп, ұлттық спорт түрлерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Спортшылар мен жаттықтырушыларға жаңа жетістіктер, тартысты бәсекелерде жарқын жеңістер мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер тілелді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облыстық мәслихаты" жаңалықтары