Қарағанды облыстық мәслихатында кезектен тыс сессия өтті

    Қарағанды облыстық мәслихатында кезектен тыс сессия өтті

    Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Жергілікті атқарушы органның бастамасымен депутаттар облыстың басты қаржылық құжатына өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер бюджет кіріс бөлігінің төмендеуіне, жекелеген шығыстарды оңтайландыруға және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ішіндегі бюджет қаражатын қайта бөлуге байланысты жүргізілді.

    Бюджетті нақтылау аясында Бұқар жырау және Нұра аудандарында балаларды тегін тасымалдауды ұйымдастыруға, тарифтердің өсуіне байланысты коммуналдық қызметтерді төлеуге, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын жөндеуді жалғастыруға, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелер мен мәдениет объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат қарастырылды.

    Сонымен қатар қаражат ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне біржолғы көмек төлеуге, «Ақой - Сейфуллина - Ақсу-Аюлы - Абай - Балқаш» автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізуге, жылыту маусымына дайындыққа, ветеринариялық іс-шараларға, құқық қорғау органдарына жанар-жағармай материалдарын сатып алуға және жергілікті атқарушы органның резервін ұлғайтуға бағытталды.

    Сондай-ақ сессияда Облыстық бюджеттік комиссияның және мемлекеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілердің құрылысында қазақстандық өндірістегі материалдарды, жабдықтарды, бұйымдар мен конструкцияларды қолдану талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссияның құрамдары бекітілді.

    Сессия шешімімен Қарағанды облысы мен Қазақстан Республикасының дамуына қосқан жеке үлесі мен айрықша еңбегі үшін «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлына; мәдениет және білім саласының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұқан Тұңғышбай Өміртайұлына; сот жүйесінің ардагері Арипов Еркен Рауанұлына; «QazCOOP» оқу орындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ашляев Хазбулат Сопыжанұлына; «Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана» КМК неврологиялық және инсульт қызметінің басшысы Мазурчак Михаил Дмитриевичке берілді.

    Сессияда қабылданған шешімдер өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облыстық мәслихаты" жаңалықтары